Абайды сөзден ұтқан кім?

17 тамыз, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Ашық дереккөзі

Абай мен ұлы Әбіштің сөз сайысы туралы дерек. Бір жолы Наушабай деген кісі ұлы ойшылдан: «Сіздің ақылыңыз бен сөзіңізге лайық жауап айтып, ойыңызды орап кеткен жан болды ма?» – деп сұрайды.

Абай осы сауалға жауап ретінде өз өмірінен бір оқиғаны баяндайды. Айтуынша, оның Әбдірахман атты зерек баласы бар еді. Тоғыз жасында Семейдегі орыс мектебіне оқуға берген соң, «ақыл-парасатын байқайын» деп, баласына тосын сауал қояды:

«Қалқам Әбіш, жаратылыста ақ асыл ма, әлде қара ма асыл?» – дейді. Әбіш іркілмей: «Әлбетте, ақ зат асыл», – деп жауап қайырады. Сонда Абай: «Жоқ, қараның қадірі жоғары», – деп, өз уәжін тарқатады.

Ақынның дәлелі мынандай болды: «Адам баласы дүниені көзбен көреді. Көздің ағы – көрудің құралы емес, ортасындағы кішкентай қарашық көреді. Демек, көретін – қара. Қағаз ақ – өздігінен ешкім білім алмайды, білімді ақ қағаздың үстіне түскен қара сиядан алады. Жас шақта адамның шашы, сақалы қара болады – ол кезде ақыл, білім, қайрат мол. Қартайғанда шаш, сақал ағарып, ақыл мен қайрат та азаяды. Мұхаммед пайғамбар да Құдайдың дидарын көруге қараңғы түнде барған деседі, күндізгі жарықта бармаған – түн қара емес пе? Сондықтан ақтан гөрі қараны асыл деуге негіз бар», – дейді Абай.

Сонда Әбіш әкесіне қарап: «Осының бәрін немен ойлап, пайымдадыңыз?» – деп сұрайды. «Ақылмен ойлап білдім», – дейді Абай. Әбіш асықпай: «Ендеше, ақыл мида емес пе? Ал ми – ақ. Екінші, ақыл – нұр, жарық сипат. Жарық – аққа ұқсайды емес пе?» – деп уәж айтады. Баласының тапқырлығына разы болған Абай: «Тауып айттың», – дегендей, Әбіштің маңдайынан иіскеп, ризашылығын білдіреді.

Осылайша, «ақ асыл ма, қара ма асыл?» деген философиялық ой тартысында әке – қараның қадірін, бала – ақтың айшықты артықшылығын дәлелдеп, сөздің бәсін биіктетеді. Алайда түйін сәтінде логикалық сұрағымен қарсы уәжді төкпей-шашпай іліп әкеткен – Әбіш. Демек, «Абайды сөзден ұтқан кім?» деген сауалдың жауабы – өз перзенті, зерек Әбіш Әбдірахман.

Тэгтер:

Әңгіме Абай Құнанбайұлы ғибратты сөз Әбіш Әбдірахман Нұртөре Жүсіп ақ пен қара