Анкоридждегі Captain Cook қонақүйінен АҚШ–Ресей кездесуіне қатысты, Мемлекеттік департамент грифі бар қағаздар табылды. Ақ үй мәнін жоққа шығарды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық қоғамдық радионыӊ (NPR) хабарлауынша, қонақүй принтерінде сегіз беттік топтама ұмыт қалған. Онда саммит күнтізбесі, Эльмендорф–Ричардсон (JBER) әскери базасындағы залдардың нақты атаулары, әкімшілік қызметкерлерінің телефон нөмірлері, делегация құрамындағы 13 адамның тізімі және сыйлықтар тізбесі болған. Құжаттарға сәйкес, Дональд Трамп Владимир Путинге ақбас теңіз бүркіті — «белоголовый орлан» мүсіншесін табыстауды жоспарлаған.
Тіркемеде сондай-ақ дастарқан сызбасы мен мәзірдің толық нұсқасы көрсетілген: шампан қосылған салат, филе-миньон, Olympia палтусы және крем-брюле ұсынылуы тиіс еді. Бұл позициялар жоспарланған ресми түстік асқа әзірленгені байқалады.
Заңгерлер мен ұлттық қауіпсіздік мамандары бұл жағдайды жол беруге болмайтын салғырттықтың айқын мысалы деп бағалады. UCLA құқық профессоры Джон Майклс: «Мұндай қағаздарды принтерде қалдырмайды — бұл әліппе», — деді. NPR материалында мемлекеттік қызметкерлердің телефон нөмірлері мен кездесу туралы нақтыланған деректердің болуы қауіпсіздікке қатер ретінде қарастырылуы мүмкін екені атап өтіледі.
Ақ үй айыптауларды кекете қабылдады. Пресс-хатшының орынбасары Анна Келли құжаттарды «көпбеттік түскі мәзір» деп атап: «Мәзір парақтарын жариялап, оны қауіпсіздік бұзушылығы етіп көрсету — күлкілі», — деді. Ал Мемлекеттік департамент журналистер сауалына жауап бермеген.
Айтулы түстік ас «Владимир Путин құрметіне» деп жоспарланғанымен, ақырында өткен жоқ. Соған қарамастан, «қағаз жанжалы» Анкоридждегі саммитке қатысты америкалық медиа талқылайтын басты тақырыптардың біріне айналды.