Айтыскер Жандарбек Бұлғақов «қылмыс үстінде» ұсталып қалғанын айтты
Фото: Ашық дереккөзі

Айтыскер Жандарбек Бұлғақов «қылмыс үстінде» ұсталып қалғанын айтты

Айтыскер Жандарбек Бұлғақов бала күнінде базарда ұрлық жасап қойып, ата-анасынан алған өмірлік сабағын ашық айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Айтыскердің айтуынша, оқиға бала кезде әкесімен бірге базарға барғанда болған. Көз жауын алған жасыл түсті сағатқа қызығып, байқатпай алып қойған. Саудагер көріп қалып, «Балам, орнына қой, ол сатылатын зат» деп ескерткен сәтте алда келе жатқан әкесі артына жалт бұрылып, баласын төменгі қабатқа ертіп түсірген. Ештеңе түсіндірместен шапалақпен тарс еткізіп жіберіп, «Өміріңді түрмеде өткізгің келіп жүр ме?!» деп зекіген. Ақын осы сөздің санасында мәңгі жатталып қалғанын айтады.

Бірақ жағдай мұнымен біткен жоқ. Үйге келген соң, ертеңінде шай үстінде анасы да ауыр сөз айтқан. «Әкем жұмысқа кеткен. Таңертең анам: “Жандарбек, кеше сағат ұрлапсың ғой? Денің сау ма өзі?!” деді. Бұл сөз кешегі таяқтан да қатты тиді. Кішкентай болсам да, жерге кіріп кеткендей болдым. Тіпті бүкіл елге теледидардан көрсетіп жатқандай күй кештім», – деп еске алады ол.

Жандарбек Бұлғақов осы оқиғадан түйгенін де жасырмады: мұндай жағдай кез келген баланың басынан өтуі мүмкін, ал бастысы – ата-ананың дұрыс реакциясы мен бағыт-бағдары. «Көшеде жатқан ойыншықты алып келу, дүкеннен қалған 50-60 теңгені қалтасына сала салу – балаларда кездесетін нәрсе. Бірақ ата-аналардың реакциясы әртүрлі. Біреулер мән бермей қоя салады, ол дұрыс емес. Ертең әдетке айналып кетуі мүмкін. Бүгін 50 теңге ұрласа, ертең 500 теңге, кейін қызметке барса, 500 миллиардқа дейін жетуі ғажап емес», – дейді айтыскер.

Ақынның пікірі – ата-ана тәрбиесінің салмағын еске салу: дер кезінде тоқтау салу мен дұрыс түсіндіру баланың өмірлік бағытын айқындап, болашақта үлкен қателіктердің алдын алады.