Телефонға шектеу қойғаны үшін 13 жастағы қыз үйінен қашып кеткен
Семейде ата-анасымен ренжісіп, үйінен кеткен 13 жастағы Әмина Мұхтар табылды. Ол үйіне қайтарылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 2025 жылдың 16 тамызында болған. Жасөспірім ата-анасымен жанжалдасқаннан кейін үйінен шығып кеткен. Біраз уақыт өткен соң оны қала шетіндегі Шығыс кенті маңынан көргендер болған. Кейін әпкесі қызды өз күшімен тауып, дереу полицияға хабар берген.
Полиция департаменті оқиғаға жедел әрекет етіп, отбасының көмегімен жасөспірімді аман-есен үйіне жеткізді. Ресми хабарламада: «Полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттері мен туыстарының көмегінің арқасында жасөспірім қыз аман-есен үйіне қайтарылды», — делінген.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, қыздың үйден кетуіне ұялы телефонды пайдалануға қойылған шектеулер түрткі болған. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында онымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Тәртіп сақшылары ата-аналарға балалармен тіл табысуды, шектеулер мен талаптарды түсіндіруді және даулы сәттерде тыныш ортада сөйлесуді ұсынады.