Бес жыл құлдықта ұстады деп өгей әкесін айыптаған қос бауырдың сөзін анасы жоққа шығарды
Коллаж: Anyqtime.kz

Бес жыл құлдықта ұстады деп өгей әкесін айыптаған қос бауырдың сөзін анасы жоққа шығарды

Жамбылда өгей әкесін «құлдыққа салды» деп айыптаған балалар ісінде анасы күйеуін ашық қорғады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі.

Журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында әйел балалардың айтқанын жоққа шығарып, олардың өгей әкесіне жала жапқанын мәлімдеді.

Жасөспірімдердің шағымы қоғамда резонанс туғызғаннан кейін, көп балалы ана Назерке жұбайы Ұзақбайды жақтап сөйледі. Оның айтуынша, олар 2019 жылдан бері бірге тұрып келеді және осы уақыт ішінде күйеуінен жүйелі зорлық-зомбылық көрмеген. «Егер ол бес жыл бойы оларды ұрып-соқса, олар баяғыда қашып кетпес пе еді», – дейді әйел.

Назерке намазға мәжбүрлеу және ұрып-соғу жайлы айтылған айыптарды да теріске шығарды. «Күйеуім ешкімді ұрған жоқ, намазға да зорламаған. Ол жерге қамшымен ұрып, балаларды оятатын. Намазды да бәріміз өз еркімізбен оқимыз», – деп түсіндірді ол. Әйел қазір жұбайы күдікке ілініп, тергеліп жатқанын біле тұра, соңына дейін қорғайтынын мәлімдеді: «Мен соңына дейін барамын, оны бәрібір шығарамын».

Бұған дейін желіде тараған видеода екі жасөспірім денелеріндегі көгерген іздерді көрсетіп, өгей әкесінен бес жыл бойы қысым көргенін айтқан. Олардың сөзінше, олар соққыға жығылып, сыртқы ортамен байланысы шектеліп, ауыр жұмысқа жегілген. Осы мәлімдемелерден кейін отбасыдағы жағдайға қатысты тергеу басталып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Қоғамдық талқылау өршіп тұрған тұста, тараптардың айтысы жалғасуда: бір жағында – балалардың шағымы, екінші жағында – ананың күйеуін қорғаған уәжі.