Концерт кезінде жетпістен астам бала жоғалып кетті
Фото: Ашық дереккөзі

Концерт кезінде жетпістен астам бала жоғалып кетті

Атырауда 16 тамызда Жайық жағалауындағы жастар фестивалінде 70-тен аса бала ата-анасынан көз жазып қалды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Алаңда халық тығыз жиналған сәтте түрлі себеппен бөлініп қалған балалардың жасы 5 пен 16 жас аралығында болды. Кейбірі жылап отырған, біреулері телефонға үңіліп қалған, кішкентайлары орындықта қалғып кеткен күйде табылған. Полиция қызметкерлері ұйымдастырушылармен бірге балаларды жақын маңдағы бекетке жеткізіп, ата-аналары келгенше бақылауда ұстады. Соңында олардың барлығы ата-анасына табысталды.

Кейбір жекелеген жағдайлар назар аудартты. 7 жастағы Әлтайыр ағасынан адасып, ұзақ уақыт жылап жүрген жерінен табылды, кейін екеуін де ата-анасы алып кеткен. 11 жастағы Амина құрбыларымен суретке түсіп жүргенде анасынан ажырап қалған. 10 жастағы Азамат ойыншық витринасына алаңдап, қай бағытпен жүргенін шатастырып алған. 9 жастағы Сания доп қуып, алыстап кеткенін аңғармай қалған.

Тәртіп сақшыларының ерекше бақылауына Тендік ауылынан келген бір бала ілікті: ол жасы үлкен балалармен кикілжіңге түсіп, жыртылған футболкамен табылды. Бұған қоса, пышақ ұстап жүрген бірнеше жасөспірім анықталды. Қазір олардың концерт аумағына суық қарумен не себепті келгені тексеріліп жатыр.

Полиция көпшілік шараларда балаларды қадағалау маңызды екенін ескертті. «Осындай жағдайдың қайталанбауы үшін ата-аналарға балаларын қадағалауды күшейту қажет. Көпшілік жиналған жерде балалар оңай адасады», — деді ведомство. Құқық қорғаушылар ата-аналарға баланың аты-жөнін, ата-анасының байланыс нөмірін жазылған кішкентай карточка тағып қоюды, алдын ала кездесу нүктесін белгілеуді және баланың жанынан ұзаққа кетпеуді ұсынады.