Қазақстандықтардың жалақысы "көбейетін" болды
Жаңа Салық кодексі 2026 жылы күшіне енгенде, жалақыдан алынатын жеке шегерімдер едәуір қысқарады, ал базалық шегерім айына 30 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Сарапшылар әсерін түсіндірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі inbusiness сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандықтардың бір бөлігі қазір салықтық шегерімдер арқылы ай сайын аз да болса үнемдеп жүр: бухгалтерия қолданатын жеңілдіктер «таза» жалақыны бірнеше мың теңгеге арттырып қояды. Алайда 2026 жылдан бастап оның басым бөлігі жойылады, себебі 1 қаңтардан жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізіледі. Соның кесірінен кейбір санаттардың қолына тиетін ақша, керісінше, айтарлықтай азаюы мүмкін.
Қолданыстағы ескі «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодекстің (Салық кодексі)» 342-бабына сәйкес, жеке тұлғалар қазір мына шегерімдерді пайдалана алады:
– міндетті зейнетақы жарналары көлеміндегі шегерім (әлеуметтік қорғау туралы заңнамаға сай);
– міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) төленетін жарналар бойынша шегерім;
– стандартты салықтық шегерімдер;
– көп балалы отбасыларға арналған шегерімдер;
– ерікті зейнетақы жарналары бойынша шегерім;
– баланы оқытуға арналған шегерім;
– медицинаға, емделуге арналған шегерім;
– сыйақылар (проценттер) бойынша шегерім;
– азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттардағы кірістерден ұсталатын әлеуметтік аударымдар бойынша шегерім.
Сонымен бірге, салық агенті арқылы да, жеке өзі де қолданатын көп балалы отбасыларға арналған шегерім мен өзге шегерімдердің бір жылдағы жиынтық шекті сомасы 564 АЕК-ке дейін (2025 жылы – 2 217 648 теңге) жеткізіле алады. Практикада бұл кейбір азаматтарға тиісті анықтамаларды ұсынып, жалақысынан жеке табыс салығын мүлде төлемеуге дейін жеткізетін. Енді мұндай мүмкіндік шектеледі: Парламент жаңа кодексте осы жеңілдіктердің көбін алып тастады.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда салықтық шегерімдердің тұтас тобы қолданыста. Азаматтар оларды жалақысына түсетін салықтық жүктемені төмендету үшін пайдаланады. Ең бастысы – заңды негізде қолдану және тиісті құжаттарды ұсыну. Шегерімді емделу, оқу, ипотека алу сияқты әртүрлі жағдайларда қолдануға болатын. Сондай-ақ көп балалы аналар үшін жеке шегерімдер бар. Бірақ таяуда оның бәрі дерлік жойылады. Үкімет пен Парламент шегерімдер тетігін оңтайландыруға келісті», – деп түсіндірді «Uchet.kz» сарапшылары.
Олардың айтуынша, оңтайландыру 2026 жылғы 1 қаңтардан күшіне енетін «ҚР Салық кодексімен» бірге іске асады. Осыдан кейін жеке тұлғаларға бар-жоғы үш шегерім қалады. Жаңа Салық кодексінің «Жеке салықтық шегерімдер жөніндегі жалпы ережелер» деп аталатын 401-бабы өте ықшам және 2026 жылдан бастап мынадай ғана шегерім түрлерін көздейді:
– әлеуметтік төлемдердің салықтық шегерімі;
– базалық салықтық шегерім;
– әлеуметтік салықтық шегерімдер.
«Базалық салықтық шегерім» барша азаматқа автоматты түрде қолданылады: қосымша анықтама жинаудың қажеті жоқ, бухгалтерия ұсынған өтініш үлгісіне қол қою жеткілікті. «Әлеуметтік төлемдердің салықтық шегерімі» негізінен штаттан тыс, аутстаффингпен істейтіндерге тән. Себебі жалдамалы еңбекке дейін ұсталып, БЖЗҚ мен ӘМСҚ-қа аударылатын міндетті алымдар, ал азаматтық-құқықтық шарт (ГПХ) бойынша істейтіндерде бұған қоса МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар – салық салынатын табыстан алып тасталады. Яғни бұл санат аз ғана соманы үнемдейді. «Әлеуметтік салықтық шегерімдер» мүгедектігі бар азаматтар мен соғыс ардагерлері және оларға теңестірілген шектеулі топтарға ғана тиесілі.
2026 жылы шегерімдер қалай жұмыс істейді? Қазір базалық шегерім 14 АЕК болса, келесі жылдан бастап айына 30 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Бұл қолдағы «таза» жалақыны көбейтеді. Жаңа кодексте: «Базалық салықтық шегерім әрбір күнтізбелік ай үшін қолданылатын, тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 30 еселенген мөлшерін құрайды. Күнтізбелік жыл үшін базалық салықтық шегерімнің жалпы сомасы сол жылдың 1 қаңтарындағы АЕК-тің 360 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс» деп жазылған.
Әлеуметтік салықтық шегерім бұрынғыдай 882 АЕК көлемінде сақталады. Мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланың ата-анасының (қорғаншысы, қамқоршысы) бірі, жетім балаларды қабылдаған отбасы, Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестірілгендер, басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдарының ардагерлері (соның ішінде Ауған соғысы), сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде 6 ай еңбек еткен әрі бүгін де табыс тауып жүрген азаматтар осы шегерімнің игілігін көре алады. Бұдан бөлек, І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектігі бар адам үшін 5 000 АЕК көлеміндегі салықтық шегерім қарастырылған.
Шегерім төлем емес, ол тек салық салынатын базаны азайтады. Мысал: қызметкердің айлығы 200 000 теңге делік. Есеп мынадай:
– БЖЗҚ-ға 10% – 20 000 теңге;
– ӘМСҚ-қа 2% – 4 000 теңге (жоғарғы шегі 17 мың теңгеге дейін, ал 2027 жылдан бастап 10 есеге артуы жоспарланған);
– бұдан кейін 30 АЕК (2025 жылы 117 960 теңге) көлемінде базалық шегерім қолданылады.
Сонда салық салынатын база 58 040 теңге болып, одан 10% жеке табыс салығы – 5 804 теңге ұсталады. Қызметкердің қолына түсетін «таза» жалақы 170 196 теңгені құрайды. Салыстырсақ, биыл 14 АЕК базалық шегерім қолданылған жағдайда «таза» айлық 163 905 теңге болады. Яғни айырма бар.
Дегенмен, 2026 жылғы АЕК әлі нақтыланбағанын есте ұстау керек: республикалық бюджет қабылданған соң ғана белгілі болады. АЕК өскен сайын шегерім сомасы да ұлғаяды, демек, нақты айлық өзгермесе де, азаматтардың қолына тиетін ақша шамалы болса да көбейе түседі. Бірақ жеке жеңілдіктердің көбі қысқаратындықтан, бұрын кең ауқымды шегерімдер есебінен жеке табыс салығын едәуір төмендеткен (тіпті нөлдеткен) азаматтар үшін «таза» жалақы кері жаққа өзгеруі ықтимал – жаңа кодекстің басты «ауыр тұсы» осы.