Челах пен Күлекбаев бостандыққа шыға ма: Өмір бойына сотталғандар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін
Владислав Челах пен Руслан Күлекбаев / Коллаж Informburo.kz

Челах пен Күлекбаев бостандыққа шыға ма: Өмір бойына сотталғандар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін

Қазақстанда өмір бойына сотталғандарға белгілі шарттар орындалса, шартты түрде мерзімінен бұрын босау мүмкіндігі ашылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі 31-арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Конституциялық Сот 2024 жылғы 11 шілдедегі №48-НҚ қаулысымен Қылмыстық кодекстің 72-бабы 8-бөлігінің 1) тармағын Конституцияға сай емес деп танып, өлім жазасы өмірлік жазамен алмастырылған адамдарға шартты түрде бостандық беруге тыйымды жойды. Осыған сәйкес, 2025 жылғы 16 шілдедегі заңнамалық өзгерістермен аталған тыйым кодекстен алынып тасталды. Енді бұл санаттағы сотталушылардың өтініштері ҚК-нің жалпы тәртібі бойынша қаралады. 

Бұған дейін құқықтық қайшылық болды: Конституция өлім жазасын қолдануға тыйым салғанымен, ҚК-де сол жазаға қатысты шектеу сақталып келген. Енді шектеу алынып, қоғамда «Челах пен Күлекбаев секілді өмірлік жаза кесілгендерге де шартты бостандықтың жолы ашыла ма?» деген сұрақ талқылана бастады. Мұндай мүмкіндіктің тек заңдағы талаптарға сай және сот шешімімен ғана қарастырылатыны атап өтілуде.

Адвокаттардың түсіндіруінше, «өмір бойына» деген үкім адамның ешқашан босамайтынын автоматты түрде білдірмейді: сотталушы жаза өтеудің белгілі бір бөлігін өтегеннен кейін (практикада 25 жыл шегі аталады), түзелуін дәлелдеп, оң мінездеме алып, қоғам үшін қауіпті еместігін негіздей алса, сот шартты түрде мерзімінен бұрын босатуы мүмкін. Бұл автоматты рәсім емес – әр іс жеке қаралады және пробациялық бақылау шаралары қолданылады.

Өмір бойына бас бостандығынан айыру, ең алдымен, адам өлімімен аяқталған террористік актілер мен аса ауыр кісі өлтіру фактілеріне тағайындалады. 2024 жылдан бері кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстардың жекелеген түрлері үшін де өмірлік жаза қолдану нормалары енгізілді.

Еске салайық, «Арқанкерген» шекара бекетіндегі қырғында 15 адам көз жұмып, Владислав Челах өмір бойына сотталған. Ал Алматыдағы қарулы шабуылда 10 адамның өмірін қиған Руслан Күлекбаев та өмірлік жазаға кесілген. Қоғамда атышулы осы істерге қатысты пікірталас басылмай келеді.

Қазіргі таңда өмір бойына сотталғандардың нақты саны ресми түрде ашық жарияланбағаны айтылады. Дегенмен, шартты түрде мерзімінен бұрын босату тек сотталушы 25 жылын өтеп, түзелу белгісі мен оң мінездеме көрсетіп, қоғам қауіпсіздігіне қатер төндірмейтіні дәлелденген жағдайда ғана қолданылады.