Айыпталушы Ернар Жиембаймен бетпе-бет өткен онлайн сотта Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов өзіне жасалған қарулы шабуылды толық баяндады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Ertenmedia сайтына сілтеме жасап.
Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов сот отырысында айыпталушы Ернар Жиембаймен жеке таныстығы болмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, екеуі бар-жоғы үш рет жүздескен: екі кездесуі қызметтік мақсатта, ал соңғысы — шабуыл жасалған күні. «Жиембай маған бірнеше рет хабарласып, үйіме келетінін айтты. Бірақ мен ол сөзге мән бермедім. Бір күні инспектор Асанбай қоңырау шалып, Жиембай өзін өлтірем деп қорқытқанын жеткізді. Инспектор оны мас шығар деп болжаған», — деді Берденов.
Шенеуніктің сөзінше, Жиембай басқарып тұрған кезде «Тұрғын үй Шымкент» компаниясына қатысты шағымдар көбейген. Компания конкурссыз тапсырыс алғаны, құрылыс материалдарын мөлшерден тыс сатып алатыны туралы ақпарат түскен. Осыған байланысты Берденов есеп-қисап сұратқан, алайда Жиембай құжат беруден бас тартып, инспектормен жанжалдасқан. «Сол оқиғадан кейін онымен жұмыс істеу мүмкін емес екенін түсіндім», — деді ол.
Шабуыл күні туралы айта келе, Берденов жағдайды былай сипаттады: «Жиембай маған бес рет оқ атты. Оқ тиген соң жерге құладым. Жақын маңда TikTok-қа видео түсіріп жүрген екі қыз көмекке келді. Біреуі фельдшер екен. Олар маған көзімді жұмбауды өтінді». Оқ шенеуніктің өкпесін тесіп өткен, салдарынан ол тыныс ала алмай қалған. «Кейін операция кезінде өкпемнің 20 пайызын алып тастады. Өлемін деп ойладым, кәлиманы қайталап жаттым», — деді Берденов.
Оның айтуынша, оқ атқаннан кейін Жиембай тағы да жақындап, қаруын қайта оқтап жатқандай болған. «Бәлкім, мылтығының шүріппесі сіресіп қалған болар. Әйтпесе қайтадан маған қарай жақындаудың не қажеті бар еді? Оның түпкі ойын түсініп отырған боларсыздар», — деп қосты ол.
Сотта Берденов айыпталушының жұбайы Луиза Алдановамен таныс емес екенін де нақтылады. «Өзің жасаған іске әйеліңді, балаларыңның анасын араластыру қате. Қолыңыңмен жасағанды мойныңмен көтере біл. Маған сендердің мақсаттарың белгілі. Әкең менің адвокатыма хабарласып, мансабыма балта шабам деп қоқан-лоққы жасаған», — деп, «Әйеліңді араластырма!» деген ескертуді ашық айтты.
Отырыста Ернар Жиембай Берденовтің атын қайта-қайта атап, өз уәжін жеткізуге тырысты. Соңғы сөзінде ол отбасының ешкімді қаралау мақсатын көздемегенін мәлімдеді. Іс қазір жарыссөз кезеңіне өтті. Келесі отырыста прокурорлар айыпталушыға сұрайтын жаза түрін жария етуі тиіс.