«Туған күніме сый. Ұшу — арманым». Ұшақ апатынан қайтыс болған әйелдің артында 3 баласы қалды
Суретті Диана Ахметованың жақындары ұсынған / Фото: NewTimes.kz

«Туған күніме сый. Ұшу — арманым». Ұшақ апатынан қайтыс болған әйелдің артында 3 баласы қалды

Ақмола облысындағы ұшақ апатында үш баланың анасы Диана Ахметова көз жұмды. Оқиғаның жай-жапсарын жақындары айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Newtimes.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақмола облысында 17 тамыз күні болған әуе апатында 43 жастағы Диана Ахметова мен ұшақ иесі Арман Мусин қаза тапқаны белгілі болды. Диана көптен бергі арманын орындап, туған күніне орай әуеге көтерілуге бел буған. Ол 16 тамызда туған күнін атап өтсе, келесі күнгі сағат 17:00-де ұшуды жоспарлаған.

Марқұмның құрбысына жазған хабарламаларында «Кішкентай ұшақ. Қазір жаңбыр басталды. Келіп қалсам, бірақ ұшуды тоқтатып тастаса, өкінішті болар еді» деп алаңдаушылық білдіргені айтылды. Оның сөзінше, бастапқыда дәл туған күні – 16 тамызда ұшпақ болған, бірақ ауа райының қолайсыздығынан жоспар кейінге шегерілген. «Мен жалпы кеше жоспарлағанмын. Туған күніме деп едім. Бірақ ол жерде тоқтатып тастады. Мен аман-есен келемін, құдай қаласа, сендерге жазып, айтып беремін», – деген екен Диана.

Таныстарының айтуынша, әйел ұшуды ұйымдастыратын компания өкілдерімен алдын ала сөйлесіп, ауа райы қолайсыз болса, рейс кейінге қалдырылатыны туралы жауап алған. Соған қарамастан, жаңбыр жауып тұрғанына ықтимал, ұшақ әуеге көтерілген. Сағат 17:00-де ұшқан әуе кемесі 38 минуттан соң апатқа ұшырады.

Анасы байланысқа шықпай қалған соң, балалары өз бетімен іздеуге кірісіп, еріктілер қоғамы да жұмылдырылды. Бәрі үмітін үзіп үлгермеген сәтте, шамамен сағат 21:00-де жаңалықтардан апат туралы хабар тарады. Ал Диананың қаза тапқаны жөнінде полиция туыстарына түн ортасында ғана мәлімдеген.

Бұл қайғылы оқиғаның ең ауыр тұсы – марқұмның артында 19 жастағы қызы және 12, 14 жастағы екі ұлы қалды. Олардың әкесі өткен жылы дүниеден өткен, яғни балалар енді толық жетім. Туыстарының айтуынша, ұшуды ұйымдастырған «Polety_astany» компаниясының өкілдері оқиғадан кейін хабарласпаған, тіпті Instagram-парақшаларын өшіріп тастаған.

Көлік министрлігінің ресми дерегіне сәйкес, аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі («Адам өліміне әкеп соққан әуе көлігі қозғалысының немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның себеп-салдарын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында ұшақ құлап, екі адам қаза тапқаны хабарлаған едік.