Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» күйінің шығу тарихын білесіз бе?
Қазақ күй өнерінде шоқтығы биік шығармалардың бірі – Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» атты туындысы. Халық арасына кең таралған бұл күйді естіген жанның жүрегі елжіреп, бір сәт терең ойға шоматыны рас. Осындай керемет әсер қалдыратын бұл туындының да өзіндік терең тарихы, ерекше туу себебі бар. Бұл туралы AnyqTime.kz ақпараттық-танымдық порталы баяндайды.
Сазгердің айтуынша, «Көңіл толқыны» — өмірдің ауыр сынағынан кейін, жан жарасы жазылмаған кезде дүниеге келген шығарма. 1985-87 жылдар аралығында туған күйдің ар жағында Секен ағаның адам төзгісіз қайғысы жатыр: ол екі бірдей қызы — Жанар мен Анардан айырылып қалған. Бірін көлік басып кетсе, екіншісі көз тиіп шетінепті.
Осындай ауыр қайғыға душар болған күйші өмірден түңіліп, тұйық күйге түсіп кеткен. Бірақ ішкі жан арпалысын күй арқылы сыртқа шығарып, соның нәтижесінде «Көңіл толқыны» атты туынды өмірге келген. Бұл күйдің әуені көпшіліктің жүрегін дөп басып, бірден кең таралып кетті.
Шетелдік тыңдармандар да бұл шығарманы жылы қабылдаған. Жапон еліндегі өнерсүйер қауым күйдің тарихына қызығушылық танытқанда, Секен Тұрысбеков жеке қайғысын жария етпей, «Бұл шығарма «Невада-Семей» қозғалысының қасіретіне арналған» деп түсіндірген екен.
Кейінірек жарық көрген «Көңіл толқыны» атты кітабында сазгер: «Бұл күйдің жүрегінде – әке жанарының жасымен бірге төгілген сағыныш пен зілмауыр өкініш жатыр» – деп жазады.
«Көңіл толқыны» – қазақ күй өнерінің рухани жалғасы бола отырып, ішкі тереңдігі мен сезім күшінің арқасында тыңдаушыны бірден баурап алатын сирек туындылардың бірі саналады.