Тоқаев Қостанай есебін тыңдап, тапсырма берді

18 тамыз, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Ақорда

Президент Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловты қабылдап, өңірдің 1-жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық нәтижелері және алдағы жоспар талқыланды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Құмар Ақсақаловтың мәліметінше, облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 1,82 триллион теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға жоғары. Құны 337 миллиард теңге болатын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, олардың аясында 3,4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Маңызды жобалардың қатарында жылына 70 мың автокөлік шығаратын KIA зауыты көп ұзамай іске қосылмақ. Бұл 1 500 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүк автомобильдеріне жетекші белдем өндіретін «Камлит.KZ» зауыты бар: жобаның инвестиция көлемі – 160,5 миллиард теңге, онда 550 жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.

Жыл басынан бері өңірде 22 әлеуметтік нысан іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 29 әлеуметтік нысанды пайдалануға беру жоспарланған.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту аясында су тарату және су бұру жүйелеріне қатысты 54 жоба жүзеге асырылуда. Қала халқының 99 пайызы, ал ауыл тұрғындарының 91,3 пайызы орталықтандырылған су құбырына қосылған.

Биыл көлік инфрақұрылымын дамытуға 102 миллиард теңге бөлінді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық. 1 300 шақырым автожолда, соның ішінде 7 республикалық трассада құрылыс, реконструкция және күрделі жөндеу жүріп жатыр. Жезқазған – Петропавл учаскесінің реконструкциясы аяқталуға жақын. Қостанай – Мамлют жолы толық жаңартылды. «Екатеринбург – Алматы» бағытының Сарыкөлден Ақмола облысының шекарасына дейінгі бөлігінде жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Елді мекендердің көшелері мен жолдарын жақсартуға да айрықша көңіл бөлінуде: бюджеттен 103 ауылдағы 400-ден астам көшені жөндеуге 29 миллиард теңге бағытталды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы инвестиция көлемін арттыру, өнеркәсіп пен аграрлық секторды дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға назар аударды. Сонымен қатар Президент жылыту маусымына әзірлікті уақтылы аяқтауды, күзгі жиын-терін науқанын сапалы ұйымдастыруды және ауыл тұрғындарының ауызсуға қолжетімділігін арттыру үшін жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысы инфрақұрылым инвестициялық жобалар Құмар Ақсақалов