Қорғаныс министрлігі ЖИ бөлімше құрды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігі ЖИ бөлімше құрды

Қорғаныс министрлігі ЖИ енгізетін арнайы бөлімше құрды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмаларын орындау аясында, басқару тиімділігін арттыру, процестерді оңтайландыру және қорғаныс әлеуетін күшейту мақсатымен Қорғаныс министрлігінде жасанды интеллект технологияларын енгізу мен дамытуға жауапты мамандандырылған құрылым жасақталды. Жаңа бөлімше Қарулы күштердің цифрлық трансформациясындағы негізгі буын ретінде қарастырылып отыр.

Бөлімшенің басты міндеттері – деректердің аса ірі массивтерін талдау, басқару процестерін автоматтандыру, жедел сценарийлерді модельдеу және қазіргі әскери жағдайда шешім қабылдау жылдамдығын арттыруға бағытталған жасанды интеллект шешімдерін әзірлеу әрі енгізу. Мұндай технологиялық пакет командалық-басқарушылық циклді қысқартып, қауіп-қатерге дер кезінде жауап қайтаруға мүмкіндік береді.

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың айтуынша, жасанды интеллектті армияның күнделікті қызметіне кезең-кезеңімен интеграциялау – әскерді жаңғыртудың маңызды қадамы және қорғаныс саласындағы әлемдік үрдістерге толық сәйкес келеді. Министрлік бұл бағытта практикалық нәтижеге басымдық беріп, нақты қолданбалы шешімдер қоржынын қалыптастыруды көздейді.

Жаңа құрылым отандық және халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтарымен, жетекші университеттермен, сондай-ақ бейінді IT-компаниялармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мұндай әріптестік қорғаныс саласына озық әзірлемелерді жедел енгізуге жол ашып қана қоймай, әскери мақсаттағы жасанды интеллект бойынша ұлттық мектепті қалыптастыруға негіз болады. Яғни зерттеу, прототиптеу, сынақтан өткізу және жауынгерлік қолдануға бейімдеу тізбегі бір экожүйеге тоғыстырылмақ.

Кадрлық әлеует – бастаманың өзегі. Осыған орай заманауи алгоритмдер мен жүйелерді меңгере алатын офицер-талдаушылар және цифрлық технологиялар саласының мамандарын даярлау жоспарланып отыр. Оқыту бағдарламалары нақты жауынгерлік тапсырмаларға бағдарланып, деректер инженериясы, машиналық оқыту, модельдеу және киберқауіпсіздік модульдерін қамтиды.

Осылайша, Қорғаныс министрлігі жасанды интеллектке негізделген жаңа басқару архитектурасын құруға стратегиялық қадам жасап отыр. Бұл қадам ұлттық қорғаныстың тиімділігін арттырып, қауіпсіздік пен тәуелсіздікті нығайтуға қызмет етуі тиіс.