Олжас Бектенов Президенттің ЖИ тапсырмаларын іске асыруға арналған Цифрлық штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша Цифрлық штабтың кезекті отырысын өткізді. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Жиында Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады.
Цифрлық штабтың шешімімен:
- мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың кешенді жоспары бекітілді;
- жасанды интеллект деректер массивтерімен жұмыс істеу регламенті және оны жүзеге асыру жоспары қабылданды;
- Smart Data Ukimet бойынша мемлекеттік деректерді біріктірудің мерзімдері белгіленді: жаңа хэштеу әдісін пайдаланып интеграция биылғы 1 қыркүйегіне дейін аяқталуға тиіс, ал барлық деректер осы жылдың 1 желтоқсанына дейін платформаға беріледі;
- мемлекеттік органдар қызметкерлерінің AITU ұлттық мессенджеріне көшуі биылғы 15 қыркүйекке дейін аяқталуы керек.
Премьер-министр қабылданған құжаттарды сапалы әрі уақытылы орындаудың маңызын атап өтті. «Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразиядағы цифрлық хабқа айналуы тиіс деген мақсатты алға қойып отыр. Нақты міндеттер белгіленді. Бүгінгі таңда Цифрлық штаб барлық мемлекеттік орган мен ұйымдар үшін міндетті шешімдер қабылдады. Нәтиже ақпараттық қауіпсіздікті жақсартуға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған», — деді Олжас Бектенов.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың кешенді жоспары негізінде 224 ақпараттық құрамдас алаң құрылады. Бұл қадам интеграцияға кететін еңбек шығындарын азайтып, функционалдық және статистикалық айырмашылықтар бойынша ақпараттық жүйелердің қайталануын шешуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда «электрондық үкімет» шеңберінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың 355-тен астам ақпараттық жүйесі мен веб-ресурсы жұмыс істейді.
Жасанды интеллект деректер массивтерімен жұмыс істеу ережесі мен оны іске асыру жоспары да бекітілді. Құжат ЖИ технологияларын дамыту үшін деректер қорын қалыптастыруды жүйелейді және ақпаратты жинау, тексеру, құрылымдаудың бірыңғай стандарттарын белгілеуді қамтиды.
Smart Data Ukimet платформасында мемлекеттік дербестендірілмеген деректерді топтау жұмыстары аясында міндетті түрде көшіруге жататын деректер базаларының тізімі бекітілді. Бұл мемлекеттік деректерді біріктіруді жеделдетіп, талдаудың сапасын арттыруға бағытталған.
Отырыста AITU ұлттық мессенджерін кең ауқымда енгізу мәселесі де қаралды. Қызметтің пилоттық жұмысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде көрсетілді, енді ол барлық мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарына енгізіледі.