Тоқаев Нарбаеваны «Достық» орденімен марапаттады

19 тамыз, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Ақорда

Президент Тоқаев Өзбекстан Сенаты төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдап, стратегиялық серіктестік пен парламентаралық байланысты талқылады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарының өзекті мәселелері парламентаралық байланыстарды дамыту тұрғысынан қаралды. Қасым-Жомарт Тоқаев Танзила Нарбаеваға ілтипат білдіріп, оның сапары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы серіктестіктің айрықша сипатта өрбіп келе жатқанын атап көрсетті.

Мемлекет басшысы Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенаты төрағасының қос халық арасындағы достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Ол бауырлас елдер ықпалдастығының Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды фактор екеніне тоқталды. «Екі елдің ықпалдастығы неғұрлым тығыз әрі табысты өрбіген сайын, өңірдегі ахуал да соғұрлым тыныш болады. Сіздің сапарыңыз парламентаралық байланысты кеңейтуге нақты серпін береді», – деді Президент.

Өзбекстан Сенатының спикері Танзила Нарбаева қонақжайлық үшін алғыс айтып, Президент Шавкат Мирзиёевтің сәлемін жеткізді. Оның айтуынша, екі ел арасында қол жеткізілген барлық уағдаластықтар мемлекет басшысының жеке бақылауында, ал Парламент пен тиісті институттар оларды іске асыру үшін жүйелі жұмыс істеп жатыр. «Өзбекстан мен Қазақстан – бір-біріне ең жақын әрі сенімді серіктестер», – деді ол.

Тараптар парламентаралық дипломатияны, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелерін талқылады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейтуге айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке жылы лебізін жолдады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты стратегиялық серіктестікті тереңдетуге сіңірген еңбегі үшін Танзила Нарбаеваны II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Тэгтер:

Тоқаев Танзила Нарбаева Өзбекстан Сенаты Достық ордені Қазақстан–Өзбекстан