Тоқаев «ҚазМұнайГаздан» жеті айлық есеп алды
Фото: Ақорда

Тоқаев «ҚазМұнайГаздан» жеті айлық есеп алды

Тоқаев КМГ төрағасы Асхат Хасеновті қабылдап, жеті айлық есепті тыңдады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесуде ұлттық компанияның биылғы жеті айдағы негізгі көрсеткіштері мен жоспарлары жан-жақты талқыланды. Асхат Хасеновтің мәліметінше, «ҚазМұнайГаз» геологиялық барлауды белсенді жүргізіп жатыр: қолданыстағы кен орындарын қосымша зерттеу үшін биыл 7 ұңғыманы бұрғылау жоспарланған, қазіргі сәтте соның 3-еуі бұрғыланып қойды.

Инвестиция және әріптестік бағытында Қытайдың CNOOC компаниясы алғаш рет Қазақстандағы геологиялық барлау жобаларына қаржы салуға шешім қабылдады. Бұдан бөлек, Sinopec елге қомақты инвестиция құюға ниетті екенін білдірді. Ал трансұлттық алыптар – Shell, Chevron және British Petroleum – Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарындағы учаскелерді жан-жақты зерделеуде.

Өндіріс бойынша соңғы жеті айда мұнай мен конденсат көлемі 15,3 миллион тоннаға жетті. Бұл – 2024 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 9 пайыз жоғары көрсеткіш. Табиғи және ілеспе газ өндірісі 6,7 миллиард текше метр болды, яғни өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға артты. Газды терең өңдеуді ұлғайту мақсатында Атырау облысындағы Батыс Прорва, Ақтөбе облысындағы Өріктау және Батыс Қазақстан облысындағы Рожков кен орындарында жобалар іске асырылып жатыр.

Тасымалдау бағыты бойынша мұнай жеткізу көлемі 49 миллион тоннаға тең. Қосымша экспорт бағыттарын дамыту шеңберінде жеті айда Әзербайжан бағытына 0,9 миллион тонна, Германияға 1,1 миллион тонна мұнай жөнелтілді. Сонымен қатар Мажарстанға Қазақстан мұнайының алғашқы партиясы – 85 мың тонна жеткізілді.

Ішкі қайта өңдеу сегментінде биыл отандық мұнай өңдеу зауыттарында 10,4 миллион тонна мұнай өңделген. Соның ішінде жанар-жағармай өндірісі 7,8 миллион тоннаға жетіп, бір жылда 936 мың тоннаға ұлғайды. Компания бұл көрсеткішті рекорд деп атап өтті.

Әлеуметтік және инфрақұрылымдық бастамалар да назарда. Маңғыстау облысындағы Кендірлі зауытында тұщытылған теңіз суы Жаңаөзен қаласының су тарату желісіне жіберіле бастады. Қуаты 247 МВт болатын гибридті электр стансасының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен бірге жылына 1 млн 250 мың тонна өнім өндіретін полиэтилен зауыты салынуда, жобаның жалпы құны – 7,4 миллиард доллар.

Кездесу барысында өңірлерде іске асырылып жатқан әлеуметтік жобалар да таныстырылды. Мемлекет басшысы геологиялық барлау қарқынын бәсеңдетпей, ірі инвестициялық бастамаларды тұрақты әрі жүйелі түрде жүзеге асыруды тапсырды.