244 мың адам МӘСҚ-тен төлем алды
1 тамыздағы мәліметке сай, МӘСҚ-тан жұмысынан айырылу төлемін 244,3 мың адам алды. Биыл алғаш рет 188,1 мыңына тағайындалып, жалпы сома 73,2 млрд теңге, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, қолданыстағы заңнама бойынша жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі қатысу өтілі мен соңғы 24 айдағы табысына қарай 1 айдан 6 айға дейін төлем алады. Бұл төлем жоғалған кірістің 45 пайызына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Төлемді рәсімдеу үшін жұмыстан босатылған азамат мына қадамдарды орындайды:
- eGov.kz порталында авторизациядан өту;
- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөліміндегі «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және өтінімді ЭЦҚ-мен қол қою;
- бір күн ішінде тұрғылықты жердегі мансап орталығы ұсынған бос орындармен танысу;
- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтан «жұмыссыз» мәртебесін алу (қажет болған жағдайда орталық қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады).
Осы қызметті Электрондық еңбек биржасы – enbek.kz арқылы да онлайн режимінде пайдалануға болады. Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәлімет пайда болған сәтте Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті түрде МӘСҚ есебінен төлем тағайындау үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Азамат келіссе, SMS-ке жауап беру жеткілікті: содан кейін төлем автоматты түрде тағайындалады.
Министрлік МӘСҚ қаражаты есебінен берілетін бұл әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асатынын, әрі ол азаматты жаңа жұмыс іздеу кезеңінде материалдық тұрғыда қолдауға арналғанын атап өтті.