Трамп, Зеленский және ЕО лидерлері Вашингтонда келіссөздер өткізді. Негізгі қорытындылар

Бүгін, 09:07 / Теңіз Тамшыбаев
Владимир Зеленский, Дональд Трамп және олардың командаларының мүшелері 2025 жылғы 18 тамызда Овал кеңседегі келіссөздерде. Фото: Anna Moneymaker / Getty Images.

Әлемдік БАҚ Украина үшін тағдырлы деп күтілген Вашингтондағы кездесуді талқылап жатыр. Оған Дональд Трамп, Владимир Зеленский және Украинаны қолдау үшін келген бірқатар еуропалық лидерлер қатысты. Ең маңыздысының қысқаша мазмұны төмендегідей.

🔹 Владимир Зеленский мен Дональд Трамп Ақ үйде келіссөздер өткізді. Бұл – Трамп қайта сайланғаннан кейін Зеленскийдің Вашингтонға екінші сапары. Алғашқысы, 2025 жылдың ақпанында, сәтсіз аяқталған еді. Сәуірге қарай екі президенттің қатынастары қалпына келтірілді.

🔹 Қазіргі сапар әлдеқайда достық ахуалда өтті. Өткен жолы камуфляж киімін костюмге алмастырмағаны үшін америкалық консерваторлардың сынына ұшыраған Украина президенті бұл жолы қара пиджак пен қара жейде киді және Трампқа кемінде сегіз рет алғыс айтты.

🔹 Украина президенті қауіпсіздік кепілдіктерін талқылау үшін Трампқа еуропалық саясаткерлермен бірге келді. Трамп АҚШ пен Еуропадан Украинаға «көп көмек» болатынын уәде етті, бірақ сөз НАТО-ға мүшелік туралы емес екенін аңғартты.

🔹 Financial Times Украинаның делегациясы дайындаған құжатпен танысқанын хабарлады. Онда АҚШ тарапынан қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз ету үшін Украина 100 млрд доллар көлемінде америкалық қару сатып алуға дайын екені айтылған. Кездесу басталар алдында әзірленген болуы ықтимал құжатта Украина Ресейге аумақтық жеңілдіктерге келіспейтіні және атысты тоқтатуды бейбіт келісімге апарар алғашқы қадам ретінде талап ететіні де атап өтілген.

🔹 Трамп Ресейге қойып жүрген атысты тоқтату талабынан бас тартты. Ол бірнеше рет бейбітшілікке қол жеткізу үшін міндетті түрде бітім қажет емес екенін айтты. Трамптың сөзінше, адамдардың қаза табуын болдырмау үшін ол Украинадағы бітімге ұмтылған, бірақ «стратегиялық тұрғыдан» атысты тоқтату режимі «бір жаққа тиімсіз болуы мүмкін». Еуропалық лидерлер, керісінше, бітім қажеттігін жария түрде жақтай беруде.

🔹 «Аумақтар мәселесі тек менімен және Путинмен ғана талқыланады», – деді Владимир Зеленский Ақ үй маңындағы баспасөз мәслихатында

🔹 БАҚ хабарлауынша, Трамп Ақ үйдегі украиндармен және еуропалықтармен келіссөзді үзіп, Путинмен телефон арқылы сөйлескен (бастапқыда ол қоңырауды келіссөзден кейін шалуды жоспарлаған). Reuters дереккөзі бұл қоңырауды еуропалық лидерлер «оң белгі» ретінде қабылдағанын айтты.

🔹 Трамп Путин мен Зеленскийдің кездесуіне дайындықты бастағанын мәлімдеді. АҚШ президенті Ресей мен Украина лидерлері екі апта ішінде кездесетін болып келіскенін, деп жазады Reuters Германия Федеративтік Республикасының канцлері Фридрих Мерцке сілтеме жасап.

🔹 Франция президенті Эммануэль Макрон Вашингтонда журналистерге сөз сөйлеп, соғыс аяқталғаннан кейін Еуропаның қарулы күштері Украинадағы бітімгерлік операцияларға қатысуы тиіс деді. «Бізге қуатты украин армиясы керек болады, және Украинаға орнында көмектесуіміз қажет, – деді ол. – Одақтастар қамтамасыз етуге дайын бітімгерлік операциялар қажет болады».

🔹Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Вашингтондағы кездесудің қорытындыларына, әсіресе Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері бойынша ілгерілеуге және АҚШ, Ресей және Украина лидерлері арасындағы екіжақты және үшжақты кездесулерге дайындықтың алға жылжуына аса риза екенін мәлімдеді.

🔹 Еуропа елдерінің лидерлері сейсенбі күні Вашингтондағы келіссөздердің қорытындысын шығару үшін бейнеконференция өткізеді.

Тэгтер:

Зеленский Трамп Путин–Зеленский кездесуі Вашингтонда келіссөздер