Қайғылы жағдай: Үржарда жол апатынан екі отбасының балалары қаза тапты
Фото: Ашық дереккөзі

Қайғылы жағдай: Үржарда жол апатынан екі отбасының балалары қаза тапты

Үржарда үш бала қаза тауып, тағы үшеуі жараланды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Абай облысының Үржар ауданында кәмелетке толмаған балаларға қатысты қайғылы жағдай болды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 2–7 жас аралығындағы үш бала көз жұмды. 6–9 жас аралығындағы тағы үш бала жарақат алып, қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында қажетті медициналық көмек алуда.

Белгілі болғандай, зардап шеккендер – екі отбасының балалары. Қайтыс болғандардың екеуі Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылынан ата-әжелеріне қонаққа келген, біреуі – Үржар ауданының тұрғыны. Жарақат алған үш баланың екеуі Үржар ауданынан, біреуі Жарма ауданынан екені нақтыланды.

Облыс әкімдігі қаза болған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін барлық қажетті қолдауды көрсетеді. Сонымен қатар психологиялық және материалдық көмек беріледі. Оқиға орнында облыс әкімінің орынбасарының үйлестіруімен арнайы жұмыс тобы құрылды. Жағдай облыс басшылығының ерекше бақылауында.

Абай облысының әкімі Берік Уәли қайғы жамылған отбасыларға көңіл айтты:

«Үржар ауданында орын алған жантүршігерлік оқиға бәpіміздің қабырғамызды қайыстырды. Көлік қағып кеткен балалардың қазасына байланысты орны толмас ауыр қайғыға душар болған отбасыларға өзімнің және бүкіл Абай облысы жұртшылығының атынан қайғырып көңіл айтамын! Қаза болған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қажетті барлық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ психологиялық көмек беріледі», – делінген көңіл айтуда.

Айта кетейік, жарақат алған балаларды Президенттің тапсырмасымен Астанадан арнайы келген еліміздегі білікті дәрігерлер емдеп жатыр. Бұл жағдай облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында.