Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ұлттық экономика және 2026–2028 жылдарға арналған бюджетті жоспарлау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және өзге де лауазымды тұлғалар қатысты.
Кездесуде ұлттық экономиканың қазіргі жағдайы мен даму перспективасы туралы баяндалды. Сонымен қатар 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлері ұсынылды.
Талқылау барысында Мемлекет басшысы республикалық және жергілікті деңгейде қаржыны тиімді жоспарлау мен бөлудің маңызын атап өтті. Президент бюджетті теңгерімді ұстау, әлеуметтік міндеттемелерді толық қаржыландыру және өңірлердің ұзақмерзімді жоспарларын іске асыру үшін қаражатты мақсатқа сай бағыттап, уақытылы әрі сапалы игеруді талап етті.