Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері артты

Бүгін, 17:38 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Ашық дереккөзі

2025 басынан көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға 354,5 млрд теңге төленді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі ҚР ЕХӘҚМ сайтына сілтеме жасап.

Жыл басынан бері мемлекеттік жәрдемақылармен орта есеппен 856,2 мың отбасы қамтылды: оның ішінде көпбалалы отбасыларға төленгені – 308,9 млрд теңге, алушылар саны – 613,4 мың отбасы. Наградталған аналарға бағытталғаны – 45,6 млрд теңге, алушылар саны – 242,8 мың адам.
Шілде айында ғана аталған жәрдемақыларды 846,1 мың отбасы алды: оның 601,2 мыңы көпбалалы отбасылар (43,1 млрд теңге), ал 244,9 мыңы – наградталған аналар (6,6 млрд теңге).

Көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға табысына қарамастан, бірге тұратын 4 және одан көп кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар үміткер бола алады. Төлем мөлшері бала санына қарай есептеледі және 2025 жылы:
– 4 баласы барларға – 16,03 АЕК (63 030 тг);
– 5 балаға – 20,04 АЕК (78 798 тг);
– 6 балаға – 24,05 АЕК (94 565 тг);
– 7 балаға – 28,06 АЕК (110 332 тг);
– 8 және одан көп балаға – әр балаға 4 АЕК (15 728 тг).

Наградталған аналарға жәрдемақы «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, бұрын «Батыр ана» атағын алғандарға, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталғандарға тағайындалады. Ай сайынғы төлем мөлшері:
– «Күміс алқа» иелеріне – 6,40 АЕК (25 165 тг);
– «Алтын алқа», «Батыр ана» және «Ана даңқы» (І–ІІ дгр.) иелеріне – 7,40 АЕК (29 097 тг).

Айта кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға артқан.

Тэгтер:

Еңбек министрлігі көпбалалы отбасылар жәрдемақы 2025 наградталған аналар АЕК мөлшері