Ата-аналарға баласын мектепке дайындау үшін 20 млрд теңге аударылды

Бүгін, 17:53 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Ашық дереккөзі

«Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында мектепке қажеттілерге ата-аналардың есепшоттарына шамамен 20 млрд теңге аударылды — көмек 430 мыңнан аса баланы қамтыды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің сайтына сілтеме жасап.

«Жалпыға бірдей білім беру» қоры шеңберінде ата-аналар мен заңды өкілдердің есепшоттарына мектеп формасы, аяқ киім және оқу-құралдарын сатып алуға қаражат жіберілді. Ресми мәліметке сай, қолдау 430 мыңнан астам балаға жетіп, жалпы алушылар санының шамамен 87 пайызын құрады. Министрлік биыл көмек 500 мыңнан астам балаға көрсетілетінін нақтылады. Олардың қатарында жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтамасыз етілген және атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың балалары, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар бар.
Астана мен Шымкент қалаларында қаржы толық аударылып, отбасылардың 100 пайызы көмек алғаны хабарланды.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова өңірлердің ата-аналардың есепшоттарына төлемдерді белсенді аударып жатқанын айтты. «Өңірлер ата-аналардың есепшоттарына қаражатты белсенді түрде аударуда. Көмек алғандар сатып алынған тауарларды растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. Төлемді алу үшін өтініш жазу жеткілікті», — деді ол.

2025 жылы «Жалпыға бірдей білім беру» қоры бойынша жалпы қаржыландыру көлемі 23,1 млрд теңгені құрайды. Төлем мөлшері өңірлік бюджетке сәйкес мәслихаттың шешімімен белгіленеді және бір балаға кемінде 46 228 теңгеден төмен болмауға тиіс. Министрліктің есебінше, 2023 жылдан бері материалдық көмек көлемі 2,5 есеге өсіп, 17 мың теңгеден 46 мың теңгеге жетті.

Тэгтер:

Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасы әлеуметтік көмек жалпыға бірдей білім беру қоры ата-аналарға төлем