Абай облысында 135 мектеп Starlink-ке қосылып, 1200 орындық IT-мектеп ашылды — Берік Уәли

Абай облысында 135 мектеп Starlink-ке қосылып, 1200 орындық IT-мектеп ашылды — Берік Уәли

Абай облысының әкімі Берік Уәли тамыз конференциясында білім беру жүйесін жаңғырту жоспары мен биылғы нәтижелерді ұсынды. Әкім Президенттің білім сапасын арттыру және мектеп инфрақұрылымын жаңарту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды нақты деректермен баяндады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі

Жиында мектепке дейінгі тәрбие, орта білім, цифрландыру, қауіпсіздік және кадр даярлау бағыттарындағы өзгерістер сөз болды.

Аймақ басшысы «Абай өңірі, Президент тапсырмаларын, салалық министрліктің алға қойған міндеттерін басты назарға ала отырып, мектептерді жүйелі жаңарту, ғылыми және спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр», – деп атап өтті. Биыл мектепке дейінгі тәрбие саласында орын тапшылығы 5%-ға қысқарып, қосымша 1500-ден астам бала қамтылды. Семейдегі 73 балабақшада ваучерлік қаржыландыру енгізілді, ал алдағы жылы бұл тәжірибе өңірдің барлық балабақшасына таратылмақ.

Орта білімде жеке инвестиция есебінен 1200 орындық IT-мектеп есігін ашты. «Келешек мектептері» жобасы бойынша 1500 орындық екі жаңа мектеп пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы екі мектеп іске қосылады. Сонымен қатар, 300 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. «Абайға құрмет» акциясы аясында Астана қаласы 1500 орындық «Дарын» мектебін салуға дайындық жасап жатыр.

Балалардың қосымша білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге де басымдық берілген: Семей қаласында «Оқушылар сарайының», Абай ауданында балалар лагерінің құрылысы жүріп жатыр. Қолданыстағы білім нысандарын жаңарту бойынша 12 мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде, 9 мектепте реновация, 52 мектепте жаңғырту жұмыстары атқарылуда. Барлық оқу орындары заманауи құрал-жабдықтармен кезең-кезеңімен қамтамасыз етіледі.

Цифрландыру бағыты өңір мектептерін интернетке кең жолақты қосумен ілгерілеп келеді: облыстың 135 мектебі Starlink жүйесіне қосылды. Сонымен бірге 90 мектепте оқу үдерісін, қауіпсіздік пен есептілікті біріктіретін автоматтандырылған кешен енгізіліп жатыр. Қауіпсіздік мәселесінде барлық білім ұйымдары бейнебақылаумен толық қамтылып, 96%-дан астамы қауіпсіз жол инфрақұрылымымен (жаяу жүргінші өткелдері, белгі, жарықтандыру) қамтамасыз етілді.

Педагогтарды қолдау шаралары да жүйелі жалғасуда. «Үздік педагог» атағы иегерлерінің саны артып келеді, бұл мұғалімдердің кәсіби өсімін ынталандырады. Басқарушылық қабілеті жоғары жаңа буын басшыларын даярлау үшін «Білім беру өзгерістерінің 1000 көшбасшысы» жобасы жүзеге асырылуда.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында IT және жаңа технологиялар жоғары колледжі ашылып, еңбек нарығына сұранысқа ие кадрларды даярлауға кірісті. WorldSkills чемпионатында Абай облысының құрама командасы екі жыл қатарынан үздік нәтижелер көрсетіп, өңірдің қолданбалы дағдылар бойынша бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді.

Баяндама соңында Берік Уәли ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында сәттілік тілеп, өңірдің білім беру жүйесінің басты мақсаты – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру екенін атап өтті. Әкімдік алдағы кезеңде де инфрақұрылымды жаңарту, цифрлық шешімдерді енгізу және қауіпсіздік стандарттарын күшейту бағытында жұмысты жалғастырады.