Гуандун провинциясының Чжаньцзян қаласынан шыққан жас жұп Бангкокқа бірге жолға шығып, қайғылы жағдайға тап болды. Бойжеткен сүйіктісін адам саудагерлеріне өткізіп жіберген. Жігіт төрт ай бойы тұтқында болып, отбасына 350 мың юань төлетіп әзер құтқарылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Биыл ақпанда бильярд залында танысқан қос жас Бангкокқа ұшып барған. Қыз өзін «ата-анасы табысты инвестор, Мьянмада отбасының бизнесі бар» деп таныстырып, жігітке жұмыс ұсынған. Жәбірленушінің әпкесінің айтуынша, інісінің сүйіктісі «көзге бірден түсетін, өзіне сенімді» қыз болған.
Жігіттің туыстары оның кіммен жүргенін білмей, бірер күннен кейін әлеуметтік желілер арқылы ізіне түсіп, Таиланд пен Мьянма шекарасында жүргенін анықтайды. Дәл сол жерде қыз жігіттен бас тартып, оны 100 мың юаньға сатып жібергені белгілі болады. Ол жігіттің төлқұжаты мен телефонын да алып кеткен.
Төрт ай бойы тұтқында болған жігітті ұрып-соғып, шашын тақырлап алып, тамақты тарылтып, күніне 16–20 сағат бейнетті жұмысқа жеккен. Ақыры отбасы араға делдал салып, 350 мың юань беріп, баласын босатып алады. Маусым айында үйіне оралған жігіт 10 келіден астам салмақ тастап, есту қабілеті нашарлаған.
Ал күдікті қыз Таиландтағы демалыстан Қытайға қайтқан соң қамауға алынды. Оған алаяқтық және адам саудасы баптары бойынша айып тағылып, тергеу жүріп жатыр.