Путин мен Зеленский алдағы күндері кездесетін болды
Ресей президенті Владимир Путиннің кеше АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескені және сол әңгіме барысында Владимир Зеленскиймен алдағы күндері кездесуге ниет білдіргені айтылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Бұл деректі Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролайн Левитт 19 тамыздағы брифингте жеткізді.
Ақ үйдің хабарлауынша, тараптар алдымен екіжақты форматты қарастырып отыр: Путин мен Зеленскийдің жүздесуі сәтті өтсе, кейін АҚШ қатысатын үшжақты кездесу нұсқасы да талқыланбақ. «АҚШ үкіметі Ресей және Украинамен осы екіжақты кездесуді жүзеге асыру үшін қазір жұмыс істеп жатыр», – деді Каролайн Левитт. Сонымен қатар ол бұл бастама Трамптың Путинмен телефон әңгімесі және Зеленский мен еуропалық лидерлермен өткен келіссөздердің жалғасы екенін атап өтті.
Дегенмен Кремль әзірге Путин мен Зеленскийдің кездесуіне нақты келісім бермегенін аңғартты. Орыс сыртқы істер ведомствосы мұндай жоғары деңгейдегі жиынды «қадам-қадаммен, саралап дайындау» керектігін айтады. Батыс баспасөзі бірнеше ықтимал локация аталғанын жазды, алайда нақты күн мен орын бекітілмеген.