US Open-2025: Елена Рыбакина микстегі алғашқы ойында сүрінді – ширек финалға өте алмады
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатындағы биылғы науқанын аралас жұптық сайыстан бастап, өкінішке қарай, алғашқы матчын жеңіліспен аяқтады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Елена Рыбакина америкалық серіктесі Тайлор Фрицпен бірге US Open-нің микст санатында сынға түсті. 1/8 финалда олар италиялық дуэт – Сара Эррани мен Андреа Вавассориге қарсы ойнап, екі қысқа сетте 2:4, 2:4 есебімен жол берді. Осы нәтижеден кейін қазақстандық спортшы мен оның серіктесі ширек финалға жолдама ала алмады. Биыл наурызда Рыбакина мен Фриц аралас жұптық көрмелік «Эйзенхауэр кубогын» бірге ұтып, Нью-Йорктегі турнирде де тандем құруға келіскен еді. Ал Рыбакинаның әйелдер арасындағы жекелей сындағы алғашқы қарсыласы кейінірек анықталатыны хабарланды.