Аягөздегі тірек мектеп: ауыл баласының арманына айналған гимназияның жолы

Бүгін, 10:43 / Теңіз Тамшыбаев
Суретте: Айнұр Әулейісқызы мен мектеп оқушылары. Фото: furo.kz

Аягөздегі көпбейінді қазақ мектебі 2022 жылы тірек мектептер желісіне қосылып, ауылдағы білім сапасын жаңа деңгейге көтерді. Осакаровкада өтіп жатқан Тамыз саммитінде мектеп директоры Айнұр Қанапянова үш жылда жүзеге асқан өзгерістерді жан-жақты баяндады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Аягөздегі көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясында бүгінде 1300-ге жуық оқушы білім алады. 2022 жылы білім ордасы Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры, «Қазақстан халқына» қоры, Aitas холдингі және Назарбаев Зияткерлік мектептері іске асырып отырған «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасына қатысушы атанды. Сол жылы Айнұр Әулейісқызы ротация тәртібімен осы көпбейінді мектептің директоры қызметіне тағайындалған. Оның айтуынша, ұжым тірек мектептер желісіне қосуды бастан-ақ мақсат еткен, ал жобаға қосылу мұғалімдермен қатар ата-аналардың да зор қолдауына ие болған.

«Тірек мектептер желісіне қосылу аймаққа үлкен серпіліс, ата-аналарға сенім берді. Алғаш жобаның мүшесі болып, бүкіл құрал-жабдықты мектептің спортзалына кіргізгенде, соны естіген ауыл тұрғындары мен ата-аналар келіп, барлық оқу құралдарын кабинеттерге жеткізуге көмектесті. Кешке дейін жүріп, өздері бәрін ұйыстырды», – дейді Айнұр Әулейісқызы.

Соңғы үш жылда мектеп мұғалімдері Назарбаев Зияткерлік мектептерінің біліктілік арттыру курстарынан жүйелі түрде өтті. Бұл қысқа мерзімде педагогтардың кәсіби деңгейіне айрықша әсер еткен. Егер 2022 жылы ұстаздардың 56 пайызы ғана модератор, сарапшы, зерттеуші секілді кәсіби санаттарға ие болса, бүгінде бұл көрсеткіш 79 пайызға жеткен. Мектептің институционалдық нәтижелері де көзге түсерлік: биыл ұжым «100 үздік мектеп» конкурсында жеңімпаз атанып, Абай облысының «Үздік орта білім беру ұйымы» номинациясын иеленді әрі арнайы грантқа қол жеткізді. Оқушылар да халықаралық деңгейде танылып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (UNDP) ұйымдастырған STEM Skills Hackathon сайысында жеңіске жетіп, 3 000 доллар сыйақы алды.

Шәкірттердің олимпиада мен түрлі интеллектуалдық сайыстарға қатысу белсенділігі артты. Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы 71-ден 82-ге дейін өсті. Тірек мектептің ұстаздары мектеп қабырғасымен шектеліп қалмай, аудан аумағындағы шағынжинақты білім ошақтарымен тұрақты байланыс орнатқан. Нәтижесінде көрші мектептердің де жетістігі көбейіп келеді: халықаралық ғылыми робототехника байқауында Ақшәулі мектебі – 3-орын, республикалық «Зерде» ғылыми жобалар сайысында Майлин мектебі – 3-орын, республикалық Мұқағали оқуларында Мыңбұлақ мектебі – 2-орын иеленді.

«Біздің мектеп өзгерісті қабылдап қана қоймай, оны іске асыра алатын, дамуға ұмтылатын білім ордасы. Бұл – өздігінен келген нәтиже емес. Бұл – өзгерістен қорықпайтын ұжымның, жаңашыл мұғалімдердің, сенім артқан ата-аналардың және білімге құштар оқушылардың, ең бастысы бар жағдайды жасаған жоба серіктестерінің біріккен еңбегінің жемісі. Осы жобаның арқасында біз тек мектептің емес, тұтас ауылдың дамуының нақты үлгісін көріп отырмыз. Ендеше, бізге артылған сенімді ақтап, болашақ ұрпаққа сапалы білім беруде аянбай еңбек ету – басты мақсатымыз», – дейді мектеп директоры.

Еске салсақ, Aitas холдингі мен Назарбаев Зияткерлік мектептері 2019 жылы ауыл мектептерінің ұлттық желісін құру стратегиясын әзірлеп, «Ауыл мектебі Powered by NIS» жобасын бастаған. 2022 жылы бастама «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен республикалық деңгейге шықты, ал жобаның операторы ретінде Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры белгіленді. «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» бастамасы еліміздің әрбір ауданы мен қаласында тірек мектеп қалыптастыруды көздейді. Бүгінгі күнге ауылдағы 192 тірек мектепке жалпы сомасы 50 млрд теңгеге жуық қайырымдылық қаржысы бағытталды.

Тэгтер:

ауыл мектебі Аягөз тірек мектебі Aitas холдингі Назарбаев Зияткерлік мектептері Қазақстан халқына қоры