«Анасы ішімдікке құмар»: Атырауда 3 жастағы қыз бен ағасы үйіне кіре алмай, көшеде түнеген

Бүгін, 11:41 / Теңіз Тамшыбаев
Фото t.me/atyrauoill

Атырау облысында 14 жастағы жасөспірім мен оның үш жастағы қарындасы үйіне кіре алмай, көшеде түнеуге мәжбүр болды. Оқиға қоғамды дүр сілкіндірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде тараған видеода бозбала түн ішінде үйінің маңында қаңғып жүргені көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, одан «тамақ пен темекі әкел» деп талап қойылған, ал бас тартса, есікті ашпай қойған. Сол үйде үш жасар қыз да өсіп келеді: көршілердің сөзінше, ананың ішімдікке әуестігі жиі байқалады, туысы еш жерде жұмыс істемейді, ал баспаналарына мас күйдегі бейтаныстар жиі келіп тұрады. Мұндай жағдайда балалар үнемі қараусыз, қорғансыз қалған.

Агенттікке берген түсініктемесінде Атырау облысының полиция департаменті кәмелетке толмағандарды қауіпсіз жерге жеткізгенін растады. «14 жастағы жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, ал оның үш жасар қарындасы – сәбилер үйіне берілді. Ата-анасы балаларға жауапсыздық танытып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген», – деп мәлімдеді ведомство. Полиция бір жыл бұрын да осы отбасы ата-ана міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын еске салды.

Қазір іс материалдары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданды. Онда ананы ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралады. Қоғам белсенділері мен көршілер балалардың тағдыры назардан тыс қалмай, тиісті органдар олардың қауіпсіздігі мен болашағын қамтамасыз етуі тиіс екенін айтып, жауапты мекемелерден қадағалауды күшейтуді талап етуде.

Тэгтер:

Жасөспірім Полиция департаменті Атырау облысы кәмелетке толмағандар ата-ана құқығы