«Қызыңның сүйегін алып кет»: Тұрмысқа шыққан жас қыз үш күннен кейін қайтыс болды

Бүгін, 14:24 / Теңіз Тамшыбаев
Қазақ келіні, шартты сурет. Ашық дереккөзі

Өзбекстанның Ташкент облысында жас келін некеден кейін небәрі үш күн өткенде көз жұмды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Alash.kz сайтына сілтеме жасап.

Марқұмның анасы қызын біреулер буындырып өлтірді деп санайды, ал күйеуінің туыстары бұл — өз-өзіне қол жұмсау деп мәлімдеп отыр. Оқиға қоғамда үлкен дау туғызды, екі тараптың да уәжі мен ресми органдардың қорытындысы талқылануда.

Ананың айтуынша, ол бұл мәселеге «Миллар» телешоуында назар аударуды өтінген. 3 сәуірде қызы Келес қаласына ұзатылған. Күйеу жігіттің жақындары өздерінің ауқатты әулет екенін айтып, қалыңдықты ұлына беруді өтінген соң, анасы егжей-тегжей тексермей-ақ некеге келісім берген. «Бұл менің жалғыз қызым. Күйеуім болмаса да, тойға керектінің бәрін өзім жасадым. Міне, небәрі үш күн өтті, маған телефон соғып: «Қызыңның сүйегін алып кет» дейді. Тіпті ұят та жоқ», — дейді ол күйіне сөйлеп.

Қайғылы жағдай 6 сәуір күні шамамен сағат 18:00-де болғаны айтылды. Анасы қызының бақытты өмір сүріп жатқанын, жақындарына видеолар жолдап, қуанып жүргенін алға тартып: «Мен оны тұншықтырып өлтіргеніне сенімдімін. Ол өз-өзіне қол жұмсайтын адам емес еді. Қажет болса, шындықты дәлелдеу үшін зиратын ашуға да дайынмын», — деп отыр.

Ал күйеу жігіттің туыстары ешкімнің кінәсі жоқ екенін айтады. «Іс қазірдің өзінде жабылған. Сол күні үйде ешкім болған жоқ. Түскеніне үш күн болған келінді ешкім өлтірмейді ғой», — дейді енесі. Марқұм тұрған махаллада қалыңдықтың отбасы «жақсы, үлгілі жанұя» ретінде сипатталған. Жесір әйелдің екі баласы бар екені, қызын жақсы отбасына тұрмысқа беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасағаны айтылады.

Ресми дерек бойынша, Бас прокуратура тексеріс жүргізгеннен кейін марқұмның денесінен тұншығу белгілері анықталмағанын хабарлады. Ташкент облысының прокуратурасы ананың арызын қарап шыққаннан соң, тергеуге дейінгі тексеру нәтижесінде өзге тұлғалардың әрекетінен қылмыс белгілері табылмағанын мәлімдеп, осыған байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартылғанын жеткізді.

Дегенмен, екі тараптың қарама-қайшы мәлімдемелері қоғамда резонанс тудырып, отбасылық-тұрмыстық даулар мен олардың құқықтық түрде зерттелуі туралы сұрақтарды қайта күн тәртібіне шығарды. Ресми қорытынды жарияланғанымен, марқұмның анасы күдігі сейілмегенін айтып отыр.

Тэгтер:

Өзбекстан Прокуратура Тергеу Ташкент облысы жас келін