«У-шуға тосқауыл қойдым»: Жұлдыз Әбдікәрімова қуанышты жаңалығымен бөлісті
Әнші Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдікәрімова желіде әсерлі жазба жариялап, босану сәтінің кей жайттарын бөлісті. Ол шетелге немесе көпшілік шараларға асықпай, үйдегі тыныштық пен отбасының жылуына мән бергенін айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Актрисаның айтуынша, босану үдерісі өз уақытында табиғи жолмен өткен. «Қайырлы күн, жақсыларым! Жаным аман қалып, жарық дүниеге бөпемді дін аман-сау әкелгеніме шүкіршілік айтып жатырмын. Қалжаланып шілде терім де шығарып, қалпыма келіп, барлық у-шуға тосқауыл қойдым. Әр сәтімнен ләззат алып, үйде жұмақ иісін иіскеп жатырмын», – деп жазды ол. Жұлдыз бұл жолы ота жасатудан саналы түрде бас тартқанын да жасырмады: «Аллаға сансыз шүкір, бәрі өз уақытымен өтті. Сондықтан да мен отадан қаштым. Осы жолы бәрі басқаша өтті, себебі қауіп-қатер болды», – деді ол.
Жазба көпшілікті ойландырып қойды: оқырмандар актрисаның денсаулығына алаңдап, қатарынан жылы лебіздерін қалдырды. Көпшілік табиғи босанудың ананың саулығына оң ықпал ететінін атап, оның «барлық у-шу» мен сыртқы қысымнан уақытша оқшаулануын құп көріп отыр. Әлеуметтік желідегі пікірлерде «ананың амандығы – бірінші орында» деген ұстаным басым. Жұлдыздың өзі де дәл осы ұстанымды алға тартып, ана мен сәбидің жағдайын басты құндылық ретінде көрсеткен.
Оқырмандар жаңа туған бөпеге ұзақ ғұмыр мен баянды бақ-береке тіледі. Актрисаның алдағы шығармашылық жоспарлары жайлы нақты мәлімет айтылмағанымен, ол қазір уақытын толықтай сәбиі мен отбасына арнауда.