Әнару Қалдыбек 7 жыл қорлық көргенін айтып, әкесінен араша сұрады (ВИДЕО)

22 тамыз, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: коллаж Sn.kz

Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлінің тұңғышы Әнару Қалдыбек әлеуметтік желіде бейнежазба мен пост жариялап, өз шындығын баяндады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

Ол былтыр танымал боксшы Жанқош Тұраровқа қатысты зорлау дерегі бойынша арыз жазғанын еске салып, беті қан-жоса күйдегі суретін де көрсетті. Жазба соңында әкесіне ашық хат арнап, өзін қорғауды сұрады.

Әнарудың айтуынша, бір жыл бұрын таксимен үйіне қайтып келе жатқанда жол апатына түсіп, «бетім осылай болды» деген суретті сол кезде түсірген. «Менде мұндай суреттер өте көп. Бір адамнан көрген қорлығымның да суреттері мен видеолары бар. Қаласаңыздар, барлығын біртіндеп жариялаймын», – деп жазды ол. «Анамның көзі тірісінде бір тал шашыма да зиян келмеген еді», – деп марқұм анасын сағынышпен еске алды.

Желі жазбасында ол әкесіне ерекше іңкәрлікпен үн қатты: «Әке, Сізден басқа қорғаным жоқ. Қатты қапаламын, өзімді тастанды әрі қорғансыз сезініп келемін – 29 жыл бойы… Әке, мені қорғаңызшы, тастамаңызшы. Мен әлсізбін. Осындай алаяқтардың жемтігі қылмаңыз мені. Сізден басқа қорғаушым жоқ. Сенерім – Алла мен сіз ғанасыз», – делінген жазбада.

Әнару өз сөзінде белгілі боксшымен қарым-қатынасы туралы да тарқатып жазған. «7 жыл бойы мен осы адамнан қорлық көрдім. Мені барлық жағымнан қорлап, бопсалап, қорқытып ұстап келеді. Жетім деп басыма мінді. Әйелі екіқабат болған екен – мен пәкпін, баламын. Оның үйлі екенін де білмей сеніп араласқан едім. Сөйтсем, бұл адам әйелі қыз туғаннан кейін маған көңіл бөліп, маңайлап жүр екен ғой. Сұмпайы араласа келе қалай оның зорлығына тап болғанымды түсінбей қалдым», – дейді ол.

Оның айтуынша, осы жылдар ішінде ол болған жайды әкесі Қалдыбек Құрманәлі мен бауырына да айтпаған: «Тыныш, осы 7 жыл бойы одан қорқақтап, іштей тозып, қиналып шыдап келген екенмін осы адам кейпіндегі ібіліске… Осы адамға жолыққалы бері өмірім құлдырап кетті», – деп түйіндейді Әнару.

Айта кетейік, аталған мәліметтер әлеуметтік желідегі жарияланымнан алынған. Жазбада келтірілген жайттар – автордың өз мәлімдемелері. Ресми органдар мен аты аталған тараптардан бұл мәселеге қатысты қосымша түсініктеме берілсе, оқиға желісі соған сай жаңартылады.

Тэгтер:

Әнару Қалдыбек Қалдыбек Құрманәлі Жанқош Тұраров мәлімдеме