Қазақстаннан кеткен «Русская казашканың» балаларын Ресейде мектепке қабылдамай жатыр

22 тамыз, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: tiktok.com/@aliya.tolstykh

Петерборға қоныс аударған, желіде «Русская казашка» атымен белгілі блогер Әлия Толстых Ресейде балаларының мектепке қабылдана алмай отырғанын айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Ertenmedia сайтына сілтеме жасап.

Айтуынша, құжаттары түгел болғанымен, оқу орны оларды бірден қабылдамай, қосымша анықтама талап еткен. Мектеп басшылығы алдымен Ішкі істер министрлігінен оның Ресейде заңды тұрып жатқанын растайтын құжат келмейінше, балаларын орыс тілінен емтиханға да, 1 қыркүйектегі салтанатты жиынға да кіргізбейтінін мәлімдепті.

Толстыхтың сөзінше, отбасындағы кәмелет жасына жеткен және жетпеген балалардың бәріне тіркеу жасалып, қажетті қағаздар әзірленген. Соған қарамастан, мектеп әкімшілігі «әр бала жеке тәртіппен қабылданады» деген уәж айтып, негізгі шешімді ІІМ-нің растауына байлап қойған.

«Құжат жағынан мін жоқ. Бірақ мектеп біздің елде заңды тұратынымызды дәлелдейтін ІІМ анықтамасын күтіп отыр. Сол анықтама келмейінше, балаларымды емтиханға жібермейді. Тамыз аяқталды, 1 қыркүйек тақап қалды. Балаларымды тіпті салтанатты жиынға қатыстырмауға да бекініп отыр», – дейді блогер.

Оның айтуынша, мектепке дейінгі қабылдау тәртібін түсіндіруде де бірізділік жоқ: бірде емтихан міндетті делінсе, бірде «әуелі мәртебеңді раста» деген талап шығады. Бұл уақыт созбаққа салынып, балалардың оқу процесіне дер кезінде қосылуына кедергі келтіріп отыр. «Тілді білуі үшін емтихан тапсыруға дайынбыз. Бірақ қағаз үшін балалардың оқу жылының басын өткізіп алуына қимаймын», – деп қынжылады ол.

Әлия Толстых Қазақстанда жүрген кезінде желідегі резонансты пікірлерімен танылған еді. Ол бірнеше рет «Қазақстанда орыс тілінің өрісі тарылып барады» деп мәлімдеп, тұрмыстық қарым-қатынаста да, білім беру саласында да орыс тілінің басымдығын қорғаған. Тіпті «орыс тілін қазақтарға бесіктен бастап үйрету қажет» деген пікірі қоғамда сын тудырған болатын.

Сондай-ақ Қазақстанда «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген күдікке іліккен ресейшіл блогер Аслан Төлегеновті жақтап шыққаны да есте. «Кейбір орталықтарда сабақ тек қазақша жүреді, дүкенде де орысша жауап ала алмай қаламыз» деген шағымы да желіде кең талқыланған.

Қызығы, дәл сол орыс тілінің «даму тілі» және «ұлтаралық қатынас құралы» екенін алға тартып жүрген Толстыхтың өзі қазір Ресейде тіл мен құжат айналасындағы бюрократияға тап болды. ІІМ-нен тиісті растау келмейінше, мектеп балаларын қабылдамай отыр.

Бұл жағдай «құжат түгел болса да, оқу жылының табалдырығын аттау үшін қосымша ведомстволық растаулар міндет пе?» деген сұрақты күн тәртібіне шығарды. Ал блогер отбасымен жаңа ортаға бейімделіп үлгеру үшін мектеп әкімшілігінен түсіністік күтетінін, ең бастысы – балалардың оқуынан қағылмай, 1 қыркүйекте қатарластарының арасында болуын қалайтынын айтады.

Тэгтер:

Русская казашка Әлия Толстых Петербор мектепке қабылдау бюрократия