Тоқаев Қырғызстанға барды: Қазақ-қырғыз Жоғары кеңесінің VII отырысы өтеді

22 тамыз, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапармен барды. Мемлекет басшысын Манас халықаралық әуежайында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қарсы алды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгін екі ел көшбасшылары келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысына қатысады.

Тоқаевтың сапары 21–22 тамыз күндеріне жоспарланған. Келіссөздер Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту, өзара сауданы кеңейту, шекаралық-өңіраралық байланыстар мен көлік-логистика, су-энергетика және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге арналмақ. Бұл туралы ресми хабарламаларда атап өтілді.

Бішкекте сапарға байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді: ресми іс-шаралар өтетін күндері тәртіпті қамтамасыз етуге шамамен 3,5 мыңға жуық милиция қызметкері тартылғаны хабарланды. Қонақтарды қарсы алу рәсімінде ұлттық нақыштағы элементтер пайдаланылып, мерекелік атмосфера жасалды.

Жоғары мемлекетаралық кеңес — екі ел арасындағы негізгі диалог алаңының бірі. Оның отырыстарында сауда-экономикалық, су-энергетикалық, экологиялық және гуманитарлық бағыттардағы басым шешімдер қабылданады. Бүгінгі кездесу осы үдерістердің жалғасы болмақ.

Тэгтер:

Қырғызстан Тоқаев Садыр Жапаров Жоғары мемлекетаралық кеңес ресми сапар