Балабақшадан колледжге дейін: 1 қыркүйектен жеке қауіпсіздік сабақтары қайта басталады
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Балабақшадан колледжге дейін: 1 қыркүйектен жеке қауіпсіздік сабақтары қайта басталады

1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік бойынша тұрақты сабақтар қайта жүргізіледі. Бағдарламаның мақсаты – балаларға өмірдің түрлі жағдайларында дұрыс әрекет етуге көмектесетін практикалық дағдыларды дарытып, жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің сайтына сілтеме жасап.

Жоба білім берудің барлық деңгейін қамтиды және жас ерекшелігіне сай мазмұнмен толықтырылған. Нақтырақ айтқанда:

  • балабақша – жедел қызметтердің нөмірлерін білу, ойын және демалыс аумақтарында қауіпсіздік ережелерін сақтау;
  • бастауыш сыныптар – суда және мұз үстінде қауіпсіздік, бейтаныс адамдармен кездескенде өзін ұстау, қаңғыбас иттерден қорғану тәсілдері;
  • орта буын сыныптары – буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, қауіпті интернет-әуестенулерден сақтану, бейтаныс адамдардың ұсыныстарын сенімді түрде қабылдамай тастай білу, өз іс-әрекетіне жауапкершілікті күшейту;
  • жоғары сыныптар мен колледждер – қаржылық сауаттылық негіздері, алаяқтықтан қорғану, онлайн-ойындардағы тәуекелдер, еңбек қауіпсіздігі, құқықтар мен міндеттерді білу, жеке әрекеттер үшін жауапкершілік.

Сабақтар апта сайын сынып сағаты аясында 10 минуттан өткізіледі. Тақырыптар оқу жылы ішінде үш рет қайталанып, білімді бекіту және дағдыны тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Бағдарламаны іске асыру кезеңінде үш сатылы мониторинг жүргізілді: педагогтер мен психологтарға арналған кеңестер мен вебинарлар ұйымдастырылып, сондай-ақ полиция, ТЖМ және денсаулық сақтау саласының өкілдері тартылды. Оқытуда анкета толтыру, жобалар әзірлеу, бейнероликтер көру және өзге де интерактивті тәсілдер қолданылды – бұл балалардың қатысуын арттырып, материалды тәжірибеде бекітуге бағытталған.

«Тәжірибе көрсеткендей, мұндай сабақтар балалардың мазасыздығын төмендетіп, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастырады және оларды өмірдегі әрі онлайн ортадағы күрделі жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйретеді», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Жеке қауіпсіздік сабақтары 2023–2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде енгізілген. Осылайша, жаңа оқу жылында қауіпсіздік мәдениетін жүйелі түрде қалыптастыру жұмысы барлық деңгейде жалғасады.