21 тамыз күні Семей қаласындағы аспалы көпірдің пилонына белгісіз ер адам көтерілді. Оқиға орнына дереу ТЖМ, полиция, жедел медициналық жәрдем және жергілікті атқарушы органдардың күші жұмылдырылды. Ер адаммен байланыс орнату үшін ТЖМ психологы мен құтқарушысы пилонға шықты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Келіссөзді Оперативті-құтқару жасағының бөлімше бастығы, құтқарушы Ринат Бабаджанов жүргізді. Әлеуметтік желідегі видеоларда ер адамның суши мен пицца сұратқаны айтылды. Түн ішінде құтқарушылар оны қауіпсіз жерге түсіріп, полиция бөлімшесіне жеткізді. Кейін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланды.
Желі қолданушылары оқиғаға түрлі пікір білдірді. «Атың шықпаса – мостқа шығып, суши-пицца сұра» дегендер болды. «Жұрттың өрмекші адамына қарап қызығасың, біздікі ерке ғой, шіркін» деп мысқылдағандар кездесті. «Бірден үй сұрамадың ба, ақыры ұятың жоқ – ұятсыз екенсің» деген сын да жазылды.
Басқалары жағдайға жанашырлық танытты. «Қарыны ашқан ғой, дұрыс, бос отырмай, хоть тамақтанып отырайын деген шығар» деген пікір бар. «Бәрі күліп отыр, түк күлкілі емес қой, ол адамға психологиялық көмек керек шығар» деп жазады тағы бірі. «Өмір сүргісі келмей, бір жағдай болған ғой, көңіл көтерілу үшін суши мен пицца сұраған сияқты, жаным ашып кетті» деген сөз қалдырғандар да табылды. «Питер Паркер жылап жатқан шығар: “а, че так можно что ли?” деп» және «Американың человек-паугі естімесін» деген әжуалы жазбалар да тарады.
Айта кетейік, Семейдегі аспалы көпір 2000 жылдың 17 қазанында пайдалануға берілген. Нысанның биіктігі – 90 метр, ені – 35 метр, ұзындығы – 750 метр. Пайдалану кепілдігі 200 жылға есептелген.