Зейнетақы төлемдері енді автоматты түрде жүзеге асуы мүмкін
247media.kz

Зейнетақы төлемдері енді автоматты түрде жүзеге асуы мүмкін

Қазақстанда ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) арқылы жинақ жасаған азаматтарға төлемдер автоматты түрде жүргізілетін жаңа жүйе енгізілуі мүмкін. Бұл бастама зейнеткерлік жасқа жетсе де, жинақтарын алу үшін өтініш бермегендерге қатысты болады, деп хабарлайды Anyqtime.kz порталы.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осыған байланысты жаңа қаулы жобасын әзірлеген. Онда ерікті жарналар арқылы жинақталған зейнетақыны алу тәртібі қайта қаралып, төлемдерді БЖЗҚ автоматты түрде жүргізуі ұсынылып отыр.

Жобада «Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың» үлгісі мен төлем рәсімдеріне өзгерістер енгізу қарастырылған. Бұл бастама талап етілмеген жинақтардың жиналып қалуына жол бермей, барлық зейнетақы төлем түрлеріне тең көзқарас қалыптастыруға бағытталған.

Агенттік бұл өзгерістер «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша толықтырулар енгізу» туралы заң аясында дайындалғанын хабарлады.

Қаулы жобасының толық нұсқасымен Агенттіктің ресми сайтында танысуға болады.