Келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Қазақстан Президенті Бішкекке ресми сапармен шақырғаны үшін қырғыз әріптесіне алғыс айтып, бауырлас елдің жылы ықыласын ерекше атап өтті. Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысында екіжақты қатынастарға қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, ортақ мүддеге сай маңызды келісімдерге қол жеткізілгені айтылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы бауырлас мемлекеттер кез келген мәселені өзара сенім мен одақтастық рухында шешетініне тоқталды. «Өзара тиімді ықпалдастықты кеңейтуге ниетіміз бар, оған саяси күш-жігеріміз де жетеді» деді ол. Негізгі екпін сауда-экономикалық байланыстарға түсірілді: былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 1,7 млрд долларға жеткен, ал алдағы бес жылда көлемді 3 млрд долларға дейін арттыру үшін арнайы Жол картасы бекітілді. Келесі жылы қазақ-қырғыз шекарасында салынып жатқан Индустриялық сауда-логистика кешені іске қосылмақ.
Тоқаевтың айтуынша, агроөнеркәсіп саласының әлеуеті зор және бұл бағыт қазіргі өзара сауданың шамамен 25 пайызын құрайды. Сол себепті өнім көлемін ұлғайту, өңдеуді тереңдету және бірлескен кәсіпорындар ашу басымдығы сақталады. Осы мақсатта тараптардың үкіметтері алдағы екі жылға арналған жеке Жол картасын әзірлеп, іске асырады.
Президент қазақ инвесторларының Қырғызстан экономикасының маңызды секторларын дамытуға тұрақты үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Соңғы жиырма жылда қырғыз еліне салынған қазақстандық инвестиция 1,4 млрд долларды құрайды, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар жобалар бар. «Бірлескен кәсіпорындардың табысты жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасай береміз» деген Тоқаев шекарадан өту инфрақұрылымын жаңғыртуға да назар аударды: қазіргі таңда сегіз өткізу бекеті жаңартылып жатыр, жұмыстар екі жыл ішінде толық аяқталып, өзара сауданың өсуіне серпін береді.
Аймақтардың өзара ықпалдастығын жандандыру үшін мемлекеттер басшылары Аймақаралық форумның келесі отырысын созбай өткізуді қолдады. Келіссөздерде цифрландыру және электрондық үкімет саласындағы серіктестік те талқыланып, экономика секторларын цифрландыру бойынша тәжірибе алмасу және ақпараттық өзара байланыс арнасын күшейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Су-энергетика саласындағы үйлестіру мәселесі жеке қаралды. Трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану аймақ тұрақтылығы мен орнықты дамудың маңызды факторы ретінде бағаланды. Қазақстан тарапы қол жеткізілген келісімдерді мүлтіксіз орындауға және стратегиялық мәні бар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін растады.
Мәдени-гуманитарлық байланыстар да күн тәртібінде болды. Соңғы жылдары рухани жақындасуға бағытталған көптеген іс-шара өткен: былтыр Астанада Айкөл Манас ескерткіші ашылса, бүгін Бішкекте «Достықтың алтын көпірі» ескерткіші елге таныстырылмақ. Тоқаев Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Ош қаласындағы филиалы ашылып жатқанын, қырғыз студенттеріне бөлінетін қазақстандық грант саны келесі жылдан 60-қа дейін көбейетінін айтты. Бішкекте Қазақстан кино күндері мен Үшінші жастар форумы өтіп жатыр; туризм және спорт саласындағы кооперация, соның ішінде Қырғызстанда келесі жылы өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға қолдау көрсету де сөз болды.
Президенттер жаһандық және аймақтық күн тәртібі бойынша да пікір алмасты. Қазақстан мен Қырғызстанның көптеген халықаралық түйткілдерге қатысты ұстанымы ұқсас екені атап өтілді. Биыл Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті Консультативтік кездесуі өтеді; екі ел БҰҰ және өзге де көпжақты құрылымдар аясында серіктестікті жалғастырады. Қазақстан Қырғызстанның 2027–2028 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне үміткерлігін толық қолдайды. Сонымен бірге ҚР бастамаларына көрсетіліп келе жатқан қолдау үшін ризашылық білдірілді.
Сөзін түйіндеген Тоқаев бүгінгі келісімдердің екі ел ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаратынын және оларды тиімді жүзеге асыру үшін қазақ тарапы барлық қажетті әрекеттерді жасайтынын мәлімдеді.
Садыр Жапаров та Бішкектегі келіссөздер нәтижелі өткенін айтып, өзара сауда-саттықтың жандануына, инвестиция тартуға және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты күшейтуге қолайлы саяси ахуал қалыптасқанын жеткізді. Ол ерекше мән берілген бірлескен жобаларды атады: шекарадағы индустриялық сауда-логистикалық кешеннің құрылысы, Алматы облысында ауылшаруашылығы өнімдерін сақтау үшін көтерме тарату орталығын ашу және «Алматы – Ыстықкөл» автожолын салу. Сауда көлемін ұлғайту, тауар номенклатурасын кеңейту және бизнеске қолайлы жағдай жасау мәселелері де әңгіме өзегінде болды.