Егін орағы қарқын алды: 15 өңірде науқан жүріп, 2,4 млн тонна астық бастырылды
Фото: Ашық дереккөзі

Егін орағы қарқын алды: 15 өңірде науқан жүріп, 2,4 млн тонна астық бастырылды

2025 жылғы 22 тамыздағы жағдай бойынша елімізде егін жинау науқаны 15 өңірде жүріп жатыр. Оңтүстікте орақ қызған, Шымкентте науқан толық аяқталды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жедел дерегіне сай, қазірдің өзінде 1,7 млн гектар алқап орылып, бұл жалпы егістіктің 10,7%-ын құрайды. Осы күнге дейін 2,4 млн тонна астық бастырылған. Оңтүстік аймақтардағы жоғары қарқын маусымның негізгі бөлігін жылдам жабуға мүмкіндік беріп отыр.

Жұмыстарға 300 мыңнан аса техника жұмылдырылды: 139 мың трактор, 31 мың комбайн, 17 мың астық жинау машинасы және 130 мыңнан астам басқа да агрегаттар. Техниканың жеткілікті болуы әрі жөндеу-қауіпсіздік шараларының сақталуы науқанның тоқтаусыз жүруіне әсер етуде. Өңірлік штабтар тәуліктік режимде бақылау жүргізіп отыр.

Энергетика министрлігімен бірлескен кесте бойынша МӨЗ-дерден ауыл шаруашылығы өндірушілеріне дизель отыны жіберілуде. Фермерлер литрін 254 теңгеден алып жатыр, бұл нарықтан 18–20% төмен. Қазіргі таңда 135,4 мың тонна жанармай жөнелтілген, бұл орақтың қызған шағында жанар-жағармай тапшылығын болдырмауға бағытталған.

Диқандар минералды тыңайтқыштармен жоспардың 89%-ы деңгейінде қамтамасыз етілген. Жалпы 1,7 млн тонна тыңайтқыш жеткізіліп, қоймаларда қосымша 43,3 мың тонна қор бар. Бұл өсімдіктің соңғы пісіп-жетілу кезеңінде өнім сапасын ұстауға мүмкіндік береді. Қажеттілік туындаған жағдайда қосымша тетіктер арқылы жеткізу қарастырылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылы алғаш рет егіс пен жиын-терімге ерте қаржыландыру тетігі іске қосылған болатын, ол биыл да жалғасуда. Жеңілдетілген несиелеу бойынша 7 594 өтінімге 502,7 млрд теңге берілді. «Жеңілдікті лизинг» аясында 153,4 млрд теңгеге келісім-шарттар жасалды, ал «Даму» қоры арқылы 1 312 жобаға 228 млрд теңге кепілдік рәсімделді. Бұл қаражат техника паркін жаңартуға, жанармай мен тыңайтқышқа дер кезінде төлеуге жағдай жасап отыр.

Жиналған астықты сақтау үшін элеваторлардың дайындығы тұрақты тексеріліп жатыр. Республика бойынша сақтау сыйымдылығы 30,7 млн тоннаны құрайды: оның 13,3 млн тоннасы – лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарында, 17,4 млн тоннасы – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қоймаларында. Қазіргі толтырылу деңгейі 2,2 млн тонна немесе 16% ғана, сондықтан өткір орын тапшылығы жоқ. Элеваторлар мен қоймалар жаңа өнімді қабылдауға дайын.

Үкімет егін жинау науқанын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Нарық инфрақұрылымын, отын мен қаржы ағынын және сақтау қуатын ұштастыра отырып, биылғы жиын-терімнің үздіксіз әрі қауіпсіз өтуі қамтамасыз етілуде.