Бішкектегі білім ошағына Кемел Тоқаевтың есімі берілді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Бішкектегі №33 мектеп-гимназияны бірге аралап көрді. Білім ошағына Қазақстан Президентінің әкесі, соғыс ардагері әрі жазушы Кемел Тоқаевтың есімі берілді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы оқу ордасының ұстаздарымен және оқушыларымен әңгімелесіп, мектептің қазіргі жағдайы мен оқу үдерісі туралы мәлімет алды. Президенттер білім беру мекемесінің тарихи ерекшелігіне тоқталып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің маңызын атап өтті.
Бұл ғимаратта Ұлы Отан соғысы жылдары Фрунзе жаяу әскер училищесі орналасқан. Дәл осы жерден Кемел Тоқаев майданға аттанғаны айтылды. Мектеп қабырғасындағы мұрағаттық деректер мен естелік экспозициялар сол кезеңнің рухын жеткізеді.
Оқу орнына Кемел Тоқаевтың есімін беру бастамасын Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров биыл мамыр айында көтерген. Бұл қадам қос елдің тарихи байланысын тереңдетіп, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған символдық шешім ретінде бағаланып отыр.