Қазақстан егістігі әртараптанды: бидай азайып, күнбағыс рекорд орнатты
Президент тапсырмасымен жалпы өнімді еселеуге арналған Жол картасы аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс құрылымын «ақшасы көп» дақылдарға қарай бұрды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
2025 жылы жалпы егіс көлемі 322,8 мың гектарға ұлғайып, 23,6 млн гектарға жетті (2024 жылы – 23,3 млн га). Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 630 мың гектарға қысқарып, 16 млн гектар болды. Оның ішінде бидай егістігі 884,6 мың гектарға кеміп, 12,3 млн гектарға түсті. Бұл өзгеріс өндірістің құрылымын тиімдірек етуге бағытталды.
Босатылған жерлер жоғары табыстылық беретін дақылдарға берілді. Күнбағыс рекордтық 1,8 млн гектарда егілді – былтырғыдан 481,5 мың гектар артық. Картоп егісі де өсіп, 9,3 мың гектарға ұлғая отырып, 131,2 мың гектарға жетті. Ұйымдасқан шаруашылықтардағы картоп алқабы 12,5 мың гектарға көбейіп, 84,5 мың гектар болды.
Суармалы дақылдар үлесі оңтайландырылуда. Биыл мақта 144,5 мың гектарда орналасты, соның 50 мың гектары тамшылатып суарумен қамтылған. Қызылорда облысында күріш 85,6 мың гектардан 80,9 мың гектарға дейін қысқарды. Бұл су ресурстарын үнемдеуге және агротехникалық тәуекелдерді азайтуға бағытталған қадам.
Министрліктің түсіндіруінше, әртараптандыру ішкі азық-түлік балансын нығайтады және жекелеген дақылдарға тәуелділікті төмендетеді. Нарық конъюнктурасына бейімделген құрылым фермер табысын арттыруға мүмкіндік береді. Жер ресурстарын ұтымды пайдалану – елдің азық-түлік қауіпсіздігін орнықтыратын негізгі фактор саналады.