Арсен Жұма 55 келіде қола иеленді — қырғыз қарсыласын ұтты
Фото: Ұлттық Олимпиадалық комитет

Арсен Жұма 55 келіде қола иеленді — қырғыз қарсыласын ұтты

Қазақстандық Арсен Жұма Болгарияның Самоков қаласында өтіп жатқан U20 әлем чемпионатында қола медаль иегері атанды. Үшінші орын үшін белдесуде ол Қырғызстан балуаны Омур Ынтымак уулуын жеңді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, Арсен Жұма 55 келіге дейінгі салмақта тұғырдың үшінші сатысына көтерілді. Бұл — жастар арасындағы әлем біріншілігіндегі оның алғашқы жүлдесі. Қола белдесуде ол бастаманы қолдан бермей, белсенді күреспен басымдық танытты.

Осыған дейін грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының тағы бір мүшесі Диас Сейітқалиев (82 кг) күміс жүлдеге қол жеткізген еді. Финалда ол Михаил Шкаринге 1:4 есебімен есе жіберді. Осылайша, қазақстандық «классиктер» қоржынына екі медаль түсті.

Айта кетейік, U20 әлем чемпионаты Самоковта 17–24 тамыз аралығында өтті. Грек-рим бәсекелері турнирдің қорытынды күндерінде өткен.