Қаржаубай Нұрымовтың өртеніп кеткен үйінің орнына жаңа баспана салынып жатыр
Қаржаубай Нұрымовтың өртеніп кеткен баспанасының орнына Алматы облысында жаңа үйдің құрылысы басталды. Жобаны облыс әкімдігі бақылауына алып, барлық құжаттарын реттеуге уәде берді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл жаңалықты адвокат Мейірман Шекеев мәлім етті. Ол көптің «үйдің жайы» туралы сұрағына жауап беріп, құрылыс барысын өз көзімен көргенін айтты. «Біздің бар назарымыз Шерзаттың ісінде болғандықтан, бұрын ақпарат беруді жөн көрмедік. Қазір, міне, келіп отырмыз. Аллаға шүкір, үйді бастаған, көзіміз жетіп жатыр», – деді ол.
Адвокаттың сөзінше, Алматы облысы әкімдігі нысанға тікелей бақылау жасап отыр. Құрылысқа қатысты барлық рұқсат пен жобалық құжаттарды рәсімдеу қамтамасыз етілген. Жұмыс толық аяқталғанға дейін әкімдік жауапты екенін айтқан.
Қазіргі таңда үйдің шатыры жабылуда. Ішкі әрлеу және аула абаттандыру жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Жоспар бойынша барлық жұмыстар 15 қазанға дейін тәмамдалып, Нұрымовтар отбасы жаңа қонысына көшеді.