«Ұлттық құрамада ойнағым келмейді»: Сабина Алтынбекова бас бапкермен болған текетіресін еске алды
Фото: https://www.instagram.com/Altynbekova

«Ұлттық құрамада ойнағым келмейді»: Сабина Алтынбекова бас бапкермен болған текетіресін еске алды

Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында жастар құрамасындағы кезеңі туралы ашық айтты. Ол 2014 жылы бас бапкермен арада туған түсінбеушіліктерді, өзіне көрсетілген қысымның қалай әсер еткенін баяндады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Спортшының сөзінше, бапкер тарапынан өзіне алдын ала теріс көзқарас қалыптасқан. «Неге маған бұлай қарайтынын түсінбедім. Кейін “ол мүлдем ойнай алмайды, тек әдемілігі үшін ғана құрамада жүр, жеңілістердің бәрі Сабинаға назардың көптігінен” деген әңгімелер тарады», – дейді ол. Сабина бұл жағдайды қақтығыс емес, «түсінбеушілік» деп қабылдағанын айтады. «Ол менен бірдеңе талап етті, бірақ нақты не қалағанын түсіне алмадым», – деп еске алды волейболшы.

Алтынбекованың айтуынша, сол кезеңде психологиялық қысым күшейіп, әр жаттығудан кейін көз жасын тыя алмайтын сәттер жиілеген. «Тіпті қонақүйде жүріп, бапкерге хабарласып: “Ұлттық құрамада ойнағым келмейді, қатты шаршадым” дейтінмін», – деді ол. Спортшы бұл сезімдер уақыт өте бәсеңдегенімен, ол кездің әсері ұзаққа созылғанын алға тартты.

Сабина Алтынбекова 2013–2018 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетті. Алғаш рет 2013 жылы 23 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Азия чемпионатында ел намысын қорғады. 2014 жылы Тайбэйдегі U-19 Азия чемпионатынан кейін бүкіл Азияға кеңінен танылып, үлкен танымалдылыққа ие болды. 2018 жылдан бері ұлттық құрамаға шақыртылмаған.