«ҮЗДІК АУЫЛ»: ТҰҒЫРЛЫ МЕКЕН – ТАСКЕСКЕН!
Еліміздің әр аймағында ауыл өмірін дәріптеп, үздік ауылдардың тәжірибесін насихаттауға бағытталған «Ауыл» партиясы мен «Хабар» агенттігінің бірлескен «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» жобасы бастау алды. Жоба аясында аймақтық түсірілім топтары ауылдардың тыныс-тіршілігінен бейнесюжеттер мен роликтер әзірлеп, көрермендерге ұсынады.
Аталған жобаға Абай облысы Үржар ауданына қарасты Таскескен ауылы да енгізіліп отыр. Және де арнайы түсірілім тобы толық құрамда барып, туған ауылдың келбеті мен шаруашылығын түсіріп қайтты. Тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл елді мекен – тарихы терең, кезінде аудан орталығы болған, бүгінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан ауыл. Халық саны – 2762 адам, 648 отбасы бар.
Мемлекеттік бағдарламалар мен ауыл азаматтарының белсенді қолдауының арқасында Таскескен ауылында соңғы жылдары елеулі өзгерістер орын алды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында мәдениет үйі толық күрделі жөндеуден өтті, көшелерге асфальт төселді. «Бір қабат шығыс» бағдарламасы бойынша жаңа тұрғын үйлер бой көтеруде. 2024 жылы жастарға арналған спорт кешені ашылып, бүгінде онда 90-нан астам жасөспірім тұрақты түрде спортпен шұғылданып жүр, олардың төртеуі спорт шеберлігіне кандидат атанды.
Ауылдың көркеюіне жергілікті кәсіпкерлер мен түлектер де үлкен үлес қосып келеді. Мәселен, белгілі меценат Талғат Сақан ауылға қоғамдық сауықтыру орталығын салып берді, жыл сайын аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетеді. Әр жылғы мектеп түлектері туған ауылына арнап түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды дәстүрге айналдырған.
Сонымен қатар, Таскескенде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары толық жұмыс істеп тұр. Жаңа балабақша ғимаратының ашылуы да жоспарланған. Ауылдың кіре берісі аркамен безендіріліп, көшелер жарықтандырылды. Түнгі келбеті үшін ауыл жұртшылығы ел ішінде «Тасвегас» деп атайтыны да тегін емес.
Жерлестері үшін ерекше мақтаныш – әйгілі спортшы, ҚР Мәжіліс депутаты, Грек-рим күресінен «жеті дүркін» әлем чемпионы Дәулет Болатұлы Тұрлыхановтың туған жерге жасаған игі істері. Ол ауыл халқына арнайы автобус сыйлап, көпбалалы отбасыларға қаржылай көмек көрсетті.
Осының бәрі – туған жерді түлетуге бағытталған халықтың ауызбіршілігінің, азаматтық белсенділігінің нәтижесі. «Үздік ауыл» жобасы осындай үлгілі тәжірибелерді елге танытып, басқа аймақтарға да серпін беруді көздейді.
«Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» жобасы арқылы ауылдың игі бастамалары кеңінен насихатталып, туған жерді түлетуге жаңа леп берері сөзсіз.
«Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиал Баспасөз қызметі