Танымал әнші Алтынай Жорабаева отбасы ішіндегі еңбекке деген көзқарасын Instagram парақшасында бөлісті.
Өнер иесінің айтуынша, олардың әулетінде ер мен әйелдің шаруасын бөліп қарау деген ұғым жоқ.
«Үйде кімнің қолы бос болса, сол адам істей береді. Ағам да, інім де сиыр сауады, күбі піседі, қажет болса, тамақ та дайындайды. Бізде қыздар малға қарайды, жігіттер ас үйден қашпайды», – деді әнші.
Сонымен қатар, Жорабаева үй тірлігіне немқұрайлы қарайтын, «қатынның жұмысы» деп менсінбейтін ер адамдарды сынға алды.
«Ондайлар көбіне өзіне сенімсіз, кешеннен арыла алмаған немесе дұрыс тәрбие алмаған азаматтар деп ойлаймын. Мысалы, менің әкем анама шай дайындап береді, массаж жасайды, қан қысымын тексереді. Нағыз еркек сондай болуы керек», – деді ол.