1949 жылдың 29 тамызы – қазақ халқының тағдырындағы ең ауыр күндердің бірі. Осы күні Семей даласында алғашқы ядролық жарылыс жасалды. Кеңес Одағының әскери-өнеркәсіптік кешені үшін бұл ғылыми жетістік болса, қазақ халқы үшін қайғы-қасіретке толы жылдардың басталуы еді.
Семей полигоны аумағында 40 жылдан астам уақыт ішінде 456 ядролық сынақ өткізілді. Оның ішінде 116-сы әуеде, жер үстінде, қалғандары жер астында жасалды. Әрбір жарылыстың күші Хиросимаға тасталған атом бомбасынан бірнеше есе қуатты болды. Мысалы, 1955 жылы жасалған бір ғана сынақтың күші Жапониядағы жарылыстан 40 есе қуатты еді.
Жарылыстардың ең ауыр зардабын Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарының халқы тартты. Полигонға ең жақын орналасқан Семей, Абай, Жарма, Бесқарағай аудандарының тұрғындары жылдар бойы радиацияның зардабын бастан кешті.
Мыңдаған адамдар обыр, қан аурулары, жүрек пен жүйке жүйесінің дерттеріне шалдықты. Әсіресе балалар арасында туа біткен кемістіктер, генетикалық өзгерістер көбейді. Мысалы, дәрігерлердің дерегіне сүйенсек, 1960 - 70 жылдары полигонға жақын аудандарда нәрестелер өлімі мен мүгедектік деңгейі еліміздің басқа өңірлерінен бірнеше есе жоғары болды.
Халық жадында әлі күнге дейін: «Жарылыстан кейін жер сілкінгендей болды. Терезелер сынып, үйлердің қабырғасы қақырап кетті. Балалар қорқып жылады. Біз не болып жатқанын түсінбейтінбіз...» – деген куәгерлердің сөзі сақталған.
Қазақстанның жаңа тарихында ерекше мәнге ие күндердің бірі – 29 тамыз – «Полигон күні». Бұл күнді атап өтудің астарында халқымыздың жүрегіне өшпес жара салған қасірет те, болашаққа деген үміт те жатыр. Өйткені дәл осы күні, 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы тарихи Жарлыққа қол қойды.
1980-жылдардың соңында халықтың ашу-ызасы мен әділ талабы күшейді. «Невада–Семей» қозғалысы дүниеге келді. Ол әлемдік деңгейде үлкен ықпалға ие болды. Қозғалыстың көшбасшысы – қазақтың көрнекті ақыны Олжас Сүлейменов халықты ядролық қаруға қарсы бейбіт күреске үндеді.
Митингілер мен шерулер ұйымдастырылып, халықаралық қауымдастықтың назары Қазақстанға ауды. Ақыры халықтың талабы орындалып, 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны ресми түрде жабылды.
Бұл қадам – Қазақстанның әлемдік саясаттағы бейбітшіл ұстанымының айқын көрінісі болды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан аумағында қалған ядролық қарудан да еліміз өз еркімен бас тартты. Осы арқылы Қазақстан ядролық қарусызданудың үлгісін көрсетті.
Бүгінде еліміз БҰҰ-ның бастамаларымен үндесіп, әлемдегі ядролық қаруды таратпау ісінде көшбасшылардың бірі болып отыр. 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады. Бұл – Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесінің мойындалуы.
Полигон қасіреті – тек өткеннің тарихы емес, ол – бүгінгі ұрпақ үшін сабақ. Жарылыстар зардабын халық әлі күнге дейін сезініп келеді. Дегенмен, бұл қайғы елдің береке-бірлігін нығайтып, бейбітшілік пен тұрақтылықтың қадірін терең түсіндірді.
Семей өңіріндегі «Қайнар», «Сарыжал», «Дегелең» ауылдарының тарихы осы қасіретпен тығыз байланысты... Ондағы тұрғындардың басынан өткен оқиғалар – бүкіл қазақ халқының тағдырын айқындайтын символдық оқиғалар.
«Полигон күні» – халқымыздың қайғысы мен жеңісінің, өткеннің қасіреті мен болашақтың үмітінің айнасы.
Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы – әлем елдеріне үлгі, ал Семей полигонының жабылуы – қазақ халқының азаппен келген жеңісі.
29 тамыз – «Полигон күні» – халқымыздың жадында мәңгі сақталатын күн. Бұл күн қасірет пен қайғыны еске алу ғана емес, бейбітшілік пен адамзаттың болашағы үшін күрестің де белгісі!
Ерік Қайратбекұлы