«Ерлер Раймнан үлгі алсын!»: Raim-ның мотоциклдегі ролигі жұртты тәнтті етті
фото: @erke_esmahan

«Ерлер Раймнан үлгі алсын!»: Raim-ның мотоциклдегі ролигі жұртты тәнтті етті

Қазақстандық әнші Raim әлеуметтік желісінде таулы жолда қатар жүйткіген екі мотоцикл түсірілген қысқа бейнеролик жариялады. Видеоға қатысты желіде қызу талқылау басталып, бірі жаңа бейнебаян жарнамасы десе, енді бірі оның әкелік қамқорлығына тәнті болғанын жазды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Кадрларда алдыңғы мотоциклде Ерке Есмаханның ұлы Мүслімнің отырғаны анық көрінеді. Артқы мотоциклді кім айдап келе жатқаны нақты көрсетілмеген, дегенмен көпшілік оны Raim деп болжады. Ролик соңында арттағы жүргізуші тасқа тіреліп, жол жиегіне құлап түсетін сәт бар. Жазба астында тек «29.08» деген белгі қалдырылған.

Бейнематериал жариялана салысымен желі қолданушылары екі лагерьге бөлінді. Бір тарап мұны алдағы музыкалық жобаның тизері деп қабылдаса, екінші тарап ата-аналық назар мен жауапкершілікті үлгі етті. «Өз баласына көңіл бөлмейтін ерлер Раймнан үлгі алса игі», «Әкелік қамқорлық осындайда байқалады» деген пікірлер жиілеп кетті. Кей көрермен роликтің соңындағы құлау сәтіне алаңдап, түсірілімнің қауіпсіздігі туралы да сұрақ қойды.

Raim тарапынан видеодағы детальдарға қатысты қосымша түсініктеме берілмеді. Дегенмен «29.08» белгісі тыңдарманға жаңа жаңалық немесе релиз күттіретін ишара іспетті әсер қалдырды. Әзірге бейнеролик өнерпаздың отбасылық образын айқындап, әлеуметтік желідегі талқылауды үдете түсуде.