Мұғалімдерге жасанды интеллектті үйрететін тегін бағдарлама іске қосылды
Фото: Ашық дереккөзі

Мұғалімдерге жасанды интеллектті үйрететін тегін бағдарлама іске қосылды

Жаңа оқу жылы қарсаңында педагогтердің цифрлық құзыретін күшейтуге бағытталған бірлескен жоба басталды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің сайтына сілтеме жасап.

Бағдарламаны «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен бірге әзірлеген. Курстың мазмұны халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қазақстандық білім беру жүйесіне бейімделген. Негізгі мақсат – жасанды интеллектіні мұғалімнің орнын басатын емес, күнделікті жұмысын жеңілдететін сенімді құрал ретінде қолдануды үйрету.

Оқыту барысында педагогтер ЖИ құралдарын тиімді әрі этикалық тұрғыда пайдалануды меңгереді. Сондай-ақ промпт жазу әдістері, сабақ жоспарлау тәсілдері, тестілер мен оқу материалдарын дайындау, иллюстрациялар жасау, оқу мазмұнын жетілдіру және оқушылардың қызығушылығын арттыру жолдары қарастырылады. Осылайша мұғалімнің шығармашылыққа көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасалады.

Курсқа тіркелу reg.orleu.edu.kz арқылы жүзеге асады, оқу LMS платформасында тегін өтеді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бір аптаның ішінде 100 мыңға жуық педагог қатысып үлгерген, олардың жартысына жуығы сертификат алған. Бұл көрсеткіш мұғалімдердің ЖИ технологияларын меңгеруге деген жоғары сұранысын айқындап отыр.

Жоба білім беру қауымдастығына оқу сапасын арттыруға арналған нақты құралдар ұсынады. Қатысушылар алған дағдыларын күнделікті сабақта қолдана отырып, мазмұнды жедел бейімдеуге және оқушының оқу мотивациясын көтеруге мүмкіндік алады. Бағдарлама алдағы уақытта да кеңейіп, пәндерге бейімделген модульдермен толықтырылмақ.