Иордания Королі ІІ Абдалла Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Хашимит Корольдігінің ең жоғары мемлекеттік марапаттарының бірі — «Әл-Нахда» орденін табыстады. Марапат Мемлекет басшысының екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесіне берілді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
27 тамызда Ақордада өткен кездесуде Король ІІ Абдалла Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мен Иордания арасындағы жан-жақты байланыстарды тереңдетуге қосқан елеулі еңбегін атап өтті. Салтанатты рәсім барысында тараптар екіжақты қарым-қатынасты сапалық жаңа деңгейге шығару ниетін растады.
Мемлекет басшысы жоғары мемлекеттік награда үшін Иордания Короліне және достас иордан халқына алғыс білдірді. «Ұлы Мәртебелі, Сізді аса көрнекті мемлекет қайраткері әрі көшбасшы ретінде бағалаймын. Сондықтан бұл марапатты Өзіңізге деген шынайы құрметпен қабыл аламын. Осы айтулы оқиғаны Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігінің арасындағы өзара сенімге негізделген ынтымақтастықтың символы санаймын. Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы серіктестікті одан әрі нығайтуға тың серпін береді деп сенемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сол күні Ақордада кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті. Онда саясат, экономика және гуманитарлық бағыттардағы бірлескен жобаларды ілгерілету, өңірлік қауіпсіздік пен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Тараптар тұрақты диалогты жалғастырып, ортақ мүддеге сай жаңа бастамаларды жүзеге асыруға уағдаласты.
«Әл-Нахда» (Supreme Order of the Renaissance) — Иорданияның ең беделді ордендерінің бірі. Ол мемлекетке айрықша еңбегі сіңген тұлғаларға, елдер арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға үлес қосқандарға беріледі.