Оңтүстікте егісті суару жоспарының 98%-ы орындалды: қалған көлем қашан беріледі?
Фото: Ашық дереккөзі

Оңтүстікте егісті суару жоспарының 98%-ы орындалды: қалған көлем қашан беріледі?

Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында вегетация басталғалы 9,9 млрд текше метр су алынды — бұл жоспарланған 10,1 млрд текше метрдің 98 пайызы. Маусым соңына дейін тағы 200 млн текше метр су беріледі, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Алматы облысында 1,2 млрд текше метр су беріліп, 136 мың гектар егістік суарылды. Жетісу облысында 1 млрд текше метр су жұмсалып, 132 мың гектар жер ылғалдандырылды. Жамбыл өңірінде Тасөткел су қоймасы мен Шу, Талас өзендерінен алынған су көлемі 897 млн текше метрге жетті, 70 мың гектар алқап су алды. Қазақстанның басқа өңірлерінде жалпы 327 млн текше метр су пайдаланылды.

Қызылорда облысында 3,476 млрд текше метр су алынды. Кестеге сәйкес, өңірдегі күріштің масақтану кезеңі өтіп жатыр, яғни вегетацияның ең жауапты шағы тұрақты сумен қамтамасыз етілуде. Түркістан облысына 3,27 млрд текше метр су жіберілді: Шардара ауданында негізгі дақылдарды суару аяқталды, ал Мақтаарал мен Жетісайда 111,4 мың гектар алқап суарылды. Бұл көрсеткіштер су тапшылығы қаупін жұмсартуға, өнімнің сапасы мен шығымын сақтауға бағытталған.

Министрлік вегетацияның қалған бөлігін тұрақты өткізу үшін бірқатар шара қабылдаған. Оңтүстікте каналдар арқылы суды кезекпен беру кестелері бекітілді, сорғы қондырғылары мен тік дренаж жүйелері іске қосылды. Су шаруашылығы нысандарының жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіліп, коллекторлық-дренаждық сулар қайталама пайдаланылып жатыр. «Қазақстанда суару маусымы аяқталуға жақын. Қабылданған шаралар вегетация кезеңін іркіліссіз өткізуге мүмкіндік беріп отыр», – деді бірінші вице-министр Нұрлан Алдамжаров.